Жакүйерлердің қолдауы екінші демді ашып, қарсыласты жеңбестен басқа амал қалмады - Наталья Богданова

16.09.2025 16:06

Былғары қолғап шеберлері кезекті әлем біріншілігіне дайындықты пысықтау үшін жаттығу бастамақ

Алматы жұрты бүгін бокстан өткен әлем біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген әйелдер құрамасын әуежайдан күтіп алды. Ливерпуль төрінде атой салған спортшы қыздарға жанкүйерлері мен жақындары ерекше құрмет көрсетіп, ақжарма тілегін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Маңызды сәтті тағатсыздана күткен жұрттың жүзінен қуаныш кетпеді. Ел мерейін үстем еткен жандарға қолдау мен құрмет те ерекше болды. Оны боксшыларға құшақ-құшақ гүл ұсынған, ұлттық дәмнен дәм таттырған, ән мен күйден шашу шашқан көпшіліктің ыстық ықыласынан аңғаруға болады. Мұны спортшылардың өзі де сезінді.

«Көңіл-күйім өте керемет. Өйткені күшті күтіп алып жатыр. Барлық туған-туысқандарым келген. Тараздан алғашқы бапкерім де келіпті. Өте қуаныштымын!», – деді бокстан әлем чемпионы Алуа Балқыбекова.

Алматыға келген әлем чемпиондарының қатарында Аида Әбікеева мен Наталья Богданова да бар. Олар байрақты бәсекедегі әр кездесудің маңызы жоғары болғанын айтты. Халықтың сенімін ақтауға рингке шыққан сәтте қолдау көрсеткен жанкүйерлер көп көмегін тигізгенін айтты.

«Біз жекпе-жекке шыққанда қолдау ерекше болды. Жанкүйер көп жиналып, олар әр спортшыны қанаттандыра алды. Рингте тұрғанда барлығы сезіледі. Атымызды атап, шулап жатқанда екінші дем ашылып, рух тасып кетеді. Осындайдан соң, қарсыласты жеңбестен басқа амал қалмайды», – деді бокстан әлем чемпионы Наталья Богданова

Былғары қолғап шеберлері бұл жетістікпен тоқтамайды. Олар демалыстан соң, Олимпиада мен Азия ойындарына, кезекті әлем біріншілігіне дайындықты пысықтау үшін жаттығу бастамақ.

«Нәтижеміз жаман емес.  Келесі жылы Азия ойындары, Әлем чемпионаты бар. Қыздарды олимпиадаға дайындаймыз», – деді аға жаттықтырушы Долкунжан Кәмеков.

3 алтыннан бөлек, ел қоржынына Назым Қызайбай күміс, Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова қола медаль салды. Ұлыбританиядағы әлем біріншілігінде алға шыққан әйелдер құрамасы өзгелерге үлгі көрсетті. Қазақ боксының белбеуі босамайтынын дәлелдеді.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Бойымды ұтысқа деген құштарлық биледі - Айбек Оралбай