Алматының экологиялық ахуалы мен көлік кептелісі 3 жылда толық шешімін табады

Алматының экологиялық ахуалы мен көлік кептелісі 3 жылда толық шешімін табады
Қаладағы ауқымды мәселелердің шешімі «Алматы-2050» стратегиялық даму жобасында нақты көрсетілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз
Алматылықтар жылына азық-түлікке 750 мың теңге үнемдей алады. Cондай-ақ экология мен көлік кептелісі 3 жылдың ішінде шешілуі мүмкін. Ал  2030 жылы мегаполис халқының саны 3 миллионға жетсе, алып шаһардың мүмкіндігі қандай болмақ? Бұл мәселелер  «Алматы 2050» стратегиялық даму жоспарында қамтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күн сайын мыңдаған келушіні қарсы алатын Алматының шешілмеген мәселесі шаш етектен.  Әуелі, қаланың шеткі аудандарындағы ахуал мүшкіл екенін тұрғындардың өзі сан мәрте айтқан-ды. Анығына келсек, 23 шағын ауданда толық су жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлер көп. Көшелерінің тіпті, 30 пайызы жарықтандырылмаған. Ал қаладағы су, кәріз және жылумен жабдықтау желілерінің 60 пайызының тозығы жеткен. Бұдан бөлек,   шеткі аудандарда білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, қоғамдық нысандар жеткіліксіз. Салдарынан, жұрт екі ортада кептеліс тудырып, орталыққа қарай ағылатыны тағы бар.

Кептеліс демекші, ұзын сонар көлік тығыны мен Алматының экологиялық ахуалын  біршама жақсартуымыз қажет. Мұны Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықов айтады. Өйткені, жыл сайын қаланың әуе бассейніне 122 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылады.  Оның 65 пайызы көлікке тиесілі болса, 27 пайзы қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған екінші жылу электр орталығынан  шығады.

Енді, аталған проблема шамамен 3 жылдың ішінде өз шешімін табуы мүмкін. Сарапшының сөзінше, қаладағы ауқымды мәселелер «Алматы-2050» стратегиялық даму жоспары негізінде жүзеге асырылмақ.  


«Негізі Алматы жақсы дамып келе жатыр. Ал бұдан да әрі дамыту үшін біріншіден, бизнес жағынан жеңілдік болуы керек. Екіншіден, транспорт жағынан көп көмек керек. Әкімшілік соған жағдай жасаса. Бізде автобус, троллейбус бар, бірақ жетіспейді. Оны көбейту керек. Әсіресе, Талғар, Қаскелең жақтан келетін адамдарға жеңілдік болуы керек. Олар такси ұстайды. Сондықтан, электричка, пойыз есебінде шешу керек. Өйткені, қаладағы кептелістің себебі де осыдан туып отыр. Біздің ТЭЦ-2-ні газға өткізу мәселесі шешілетін сияқты», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

«Ең маңыздысы экология ғой. Басқа шетелдердегі сияқты біз де ауасы таза, көшелері таза, қоқыссыз қалада жүргенді қалаймыз. Мысалы Голландия, Шотландияға барсаңыз, бір қоқыс таппайсыз. Біз де сол сияқты дамыған мемлекет болғымыз келеді», – дейді келесі бір тұрғын.

«Экологияны түзесе, керемет болар еді. Өйткені Алматы таулы қала ғой. Қаланы айнала тау қоршап тұр. Жел жер, ауа дұрыс айналмайды», – дейді енді бірі.

Ал жыл сайын Алматыға ағылатын халықтың толассыз екенін ескерсек, 2030 жылы  мегаполис тұрғынының саны шамамен 3 миллионға жетуі мүмкін. Сәйкесінше, тартылатын инвестиция мен ашылатын кәсіпорын артатыны сөзсіз.   Сондықтан, бұқара мен іскерлерге  қолайлы қала болуы үшін стартегиялық жобаның маңызы зор дейді сарапшылар.  

Ал, бір шаһарда тұрып, еңбек етіп жүргендердің тапқан нәпақасының  әртүрлі болуы әлеуметтік теңсіздікке алып келе жатқаны жасырын емес. Қала ауданыдары арасындағы сәйкессіздік айқын көрінеді. Мәселен, Медеу ауданындағы орташа жалақы Наурызбай ауданына қарағанда 2 есе жоғары. Кез-келген маңызды шешімнің халықпен кері байланыс орнату арқылы шешілетіні де алға тартылды.  

«Стратегия – жаңа көзқарас. Ол – жаңа мүмкіндік. Бұрында қалып қалған дүниелердің орнына келтіру. Қазір «Бюджетке қатысу» деген бар. Әр ауданға 500 миллион теңге бөлінді. Ол аз емес. Енді халық үйрену керек. Мына жерге көшені кеңейту керек, арық пен саябақ салуымыз керек. Осыған байланысты жүздеген ұсыныс келді», - деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

Алматыда ел халқының 10 пайызы тұрғанымен, республикадағы 21 пайыз қылмыс осы қалада орын алады екен. Қауіпсіздік дегенге тек, қару кезенгендердің әрекеті емес, төтенше, апатты жағдайларға сақадай сай болу да кіреді. Бұл жергілікті бұқарамен қоса, туристердің еш даурықпауы үшін қажет дейді экономистер. Өйткені, көпке қолайлы қалаға түсетін қаражат та, көп. Осы ретте, сандық технологияларға негізделген «смарт құрылғылардың» көмегімен Алматыны «ақылды қалаға» айналдыру да көзделген.  Ал мәдени шаһарды өзге қалаға не болмаса басқа мемлекетке айырбастауды көптің ойланып жүргені жасырын емес. Былтыр мәселен, қаланың жалпы өңірлік өнімі  халықтың өсуі деңгейінде шын мәнінде тек 3%-ға ғана өскен.  Алматының сауда нүктелерінде жұмыспен қамтылғандардың үлесі  дамыған қалаларға қарағанда едәуір жоғары, ал өнер, ойын-сауық, демалыс, туризм саласындағы жұмыспен қамтылғандар үлесі төмен.

«Алматы қаласының өркендеуі үшін мұндай маңызды құжат керек. Әкімнің олай қолға алып жатқанына өте қуаныштымыз. Қаламыз тек жақсы жағына өзгере берсін», - деді бір тұрғын.

«Жастар үшін де қаланың дамыған жақсы. Жастарға жұмыс көбейеді. Әйтпесе, қазір 30-дан ассаң, жұмыс таба алмайсың», – деді келесі бірі.

«Алматы қаласында біз азаматтардың экономикалық қауымдастығын дамытуымыз керек. Осындай қауымдастықтар болса, сол арқылы Алматы қаласының отбасы кемінде 750 мың теңге шығындары азаяды. Осыны біз жасалынып жатқан стратегияның ішіне кіргізіп жіберсек, алматылықтарға өте тиімді болады», - дейді ҚР Ұлттық кооперативтер және басқа да экономикалық қоғамдастықтар қауымдастығының президенті  Қазыбек ШАЙХ.

Экономист, Қазыбек Шайхтың айтуынша, бір ауладағы тұратын кем дегенде 400 пәтердің тұрғындары бірігіп, көтерме бағамен азық-түлік сатып алуды дағдыға айналдырса. Тонналап алынған тауардың ақысы 40 пайызға арзан түсетінідігін алға тартады сарапшы. Бұл қалалықтардың қалтасын жұқартпай, кәсіпкерлерге де ыңғайлы болатын еді.  

Сонымен, «Алматы -2050» стратегиялық даму бағдарламасында келесідей 7 бағыт ұсынылуда.  

Әуелі, қаланың о шеті мен бұ шеті деген түсінік бомауы үшін «шет аймағы жоқ қала» болмақ. Одан кейін, барлық саланы атқаруда, бірыңғай ақпараттық жүйенің көмегімен «ақылды қалаға» айналмақ. Сондай-ақ, өзінің мүмкіндіктері мен жергілікті биліктің жобаларын басқаруға да ат салыса алатын «тең мүмкіндіктер қаласы» атанбақ. Бұқара үшін басты мәселе мегаполистің «қауіпсіз қала» болуы екені де тәптіштеп түртілген. Ал экологиялық ахуалын кезек күттірмей жақсартуға сұранып тұрған «жасыл қала» жобасы да қолға алынбақ. Кірісі мен шығысы көп Алматы халықаралық сауда мен қаржының жаһандық орталығы» болып орын теппек. Орталық Азияның мәдени астанасы Алматы «мәдени креативті қалаға»  айналуы үшін де, шығармашылық кеңістігін аша түспек.

Әйгерім Ердәулет, Влад Шишко «Алматы «телеарнасы.

Новости партнеров