«Алматы-2050» даму стратегиясы ресми түрде қабылданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Сондай-ақ, кезекті отырыста халық қалаулылары 2020 жылғы қала бюджетін мақұлдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміз үшін басты мереке Тәуелсіздік күні қарсаңында «Алматы-2050» даму стратегиясы ресми түрде қабылданды. Бүгін маңызды тарихи құжатты қалалық мәслихат депуттаттары мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдағы 30 жылда Алматы жаңа экономика, кеңістік және коммуникациялар атты үш негізгі принцип негізінде дамитын болады. Сондай-ақ, кезекті отырыста халық қалаулылары 2020 жылғы қала бюджетін мақұлдады.

Алматы – қуатты бизнестің, белсенді азаматтық қоғам мен тең мүмкіндіктердің қаласы. Ал басты байлығы – халқы. Қаланың алдағы 30 жыл ішіндегі даму жоспары тәптіштеп жазылған құжат қараша айында халыққа таныстырылды. Содан бері 1000-нан астам адам өз пікірін айтқан. Күні кеше ғана өткен Урбан форумда алып шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев көпшілік алдынла «Алматы 2050» стратегиясының соңғы нұсқасын таныстырған еді.  

«Қала тұрғындарының Алматыға бейжай қарамайтыны қуантады. Стратегияны әзірлеуге мемлекеттік құрылымдар, тұрғындар және мамандар белсенді атсалысты. Біз құжатты жариялаған бір ай ішінде халықтан мыңнан аса ұсыныс түсті. Оларды бағыттар бойныша бөліп, 100-ден астамын стратегияға қостық. Енді халықты алаңдатқан мәселелер құжатта көрініс табады. Көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Биыл Алматы барлық  әлеуметтік экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетті. Осының өзі өмір мен жұмыс үшін тартымды жаһандық қала екенін айқындайды. Алматыны дамытуға 2020 жылы 738 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Әсіресе, келесі жылы білім, денсаулық сақтау салалары және қоғамдық инфрақұрылымды жақсартуға қаржы көбірек бөлінеді. Мәселен, білім саласына 280 миллиард теңге, денсаулық сақтауға 7,7 миллиард, ал әлеуметтік салаға 26 миллиард теңге жұмсалады деп көзделген.

Қалалық бюджет дамытудың болжамды параметрлеріне және Алматы даму бағдарламасына сүйене отырып жасалды. Ресми деректер бойынша, бірінші жарты жылдықта жалпы өңірлік өнімнің өсімі 4,1 пайызды құрады. 11 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,1 пайызға өсті. Инвестициялар көлемі 4,9. Оның ішінде сыртқы инвестиция 29 пайызға көбейді. Бөлшек сауда 12 пайызға өсті. Өнеркәсіп 4,6 пайызға, көтерме сауда 1,5 есеге өсті. Инфляция деңгейі Алматы қаласында 4,4 пайызды құрайды. Мемлекеттік бюджетке салық түсімі 13,9 пайызға өсті Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас ҚАЙЫРОВ.

Осылайша бюджетті бекітуге жиналған қала мәслихатының депутаттары бірауыздан «Алматы 2050» стратегиясын мақұлдады. Себебі, маңызды құжат қаланы әр қырынан дамытуға мүмкіндік береді. Халықтың пікірі ескеріліп жасалған соңғы нұсқада 7 бағытқа басымдық берілген. Оның әрқайсысын жіліктеп халық қалаулыларына қала әкімінің орынбасары түсіндірді.

«Біріншіден, Алматы – шетсіз қала, онда барлық аудандар бірдей жақсы дамыған және өмір сүру деңгейі жоғары. Екіншіден, үздік әлемдік смарт тәжірибелерді қолданатын ақылды қала. Үшіншіден, тең мүмкіндіктер қаласы. Барлығы үшін инклюзивті қала. Төртіншіден, қауіпсіз қала. Қауіп деңгейі төмен мегаполис. Бесіншіден,  жасыл қала. Өмір сапасының жаһандық 100 рейтингісіне кіретін бау-бақшалы қала. Алтыншыдан, жаңа Жібек жолы орталығындағы жаһандық іскерлік орталық. Және жетінші мәдени креативті қала, білім, инновациялар мен жаңа индустриялар орталығы. Осы бағдарлардың барлығы болашақта қаланың көрінісін қалыптастырады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс ӨСЕРОВ.

Айта кетейік, даму жоспарын іске асыру және оның орындалуына мониторинг жүргізу үшін қала әкімдігі жанынан стратегиялық кеңес құрылатын болды. Ұйым ұзақ мерзімді жоспарды іске асыруды қадағалап, жыл сайын ашық есеп беріп тұрады.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров