«Алматы-2050» даму стратегиясы: қоғамдық кеңес мүшелері талқылау өткізді

11.12.2019 00:56

Алатау баурайындағы шипажайлар жұмысын жақсартып, келушілерге қолжетімді қылу керек деді олар

Almaty.tv

Қалада тұрғын үй салу кезінде құрылыс саласына да мән берілсе екен. Бүгін шаһарда «Алматы-2050» даму стратегиясын талқылаған қоғамдық кеңес мүшелері осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Олардың айтуынша, әрбір жаңа тұрғын үй кешені бой көтергенде қалалықтарға қажетті нысандарды ұмытпаған абзал. Мәселен, дүкен, мектеп пен саябақтар да алдын ала ойластырылса дейді.    

«Біздің ойымызша, жаңадан салынатын үйлер 5 қабаттан аспауы тиіс. Ол бір жағынан сейсмикалық қауіпсіз болса, екінші жағынан қалалық инфрақұрылымға да айтарлықтай ауыртпалық түсірмейді. Сондай-ақ, тұрғындарға қолайлы болады деген ойдамыз», - деді қоғамдық кеңес мүшесі Марат ШИБҰТОВ.

Отырыста бірқатар ұсыныстар айтылды. Соның ішінде туризм саласына ден қою керектігі сөз болды. Бірінші кезекте медициналық туризм. Алатау баурайындағы шипажайлар жұмысын жақсартып, келушілерге қолжетімді ету керек деді жиынға қатысушылар.

«Мемлекеттік және жеке меншік музейлердің жұмысын жақсарту қажет. Мәселен, кез-келген туризмі дамыған қалаларда 30-дан астам музей бар. Ал, бізде әзірге - 16. Оның ішінде кейбірі сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді», - деді қоғамдық кеңес мүшесі Марат ШИБҰТОВ.