Нұрсұлтан Назарбаев бала кезінен көшбасшы және білімқұмар болды – Елбасының сыныптастары

01.12.2019 16:56

Табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді

Almaty.tv

Тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен еліміздің Тұңғыш Президентінің халық алдында, мемлекет алдында еңбегі орасан зор. Қазақстан ең дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев бала кезінен көшбасшы және білімқұмар болды. Сол мектепте оқып жүрген кездерде-ақ оның ұйымдастырушылық қасиеттері ерекшеленіп тұратын дейді замандастары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастауыш сыныпта Шамалғандағы Фурманов атындағы мектепте оқыған. Мектеп қабырғасында онымен бірге оқыған сыныптастары бала Нұрсұлтанды өте белсенді, жауапкершілігі мол және ортақ іске белсене араласатын» деп еске алады сыныптастары Елбасының оқушы кезін.

Cыныптастары арасынан дара шыққан бала Сұлтан сол кездің өзінде еңбекқорлығымен, қажырлығымен ерекшеленетін. Табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

«Ағай үйге берген тапсырманы сұраған кезде, қол көтереді де бірінші болып бәрін айтып береді. Содан кейін ағайымыз өзі бағаға өте сараң еді. Кішкентай ғана үш қоятын. Ағай, Нұрсұлтан үйге берген тапсырманың бәрін айтып қойды. Бізге түк қалдырмады. Енді ана шыбынның ізіндей бір үшіңізді бізге қоя салыңызшы дейтінбіз. Ол кісі де қалжын-шыны аралас, үш, үш те болса күш, күштеріңді шығарып, оны да терлеп аласыңдар дейтін», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Рая СИРАЗИТДИНОВА.


«Кішкентай жерден сырғанайтынбыз, шөптің үстіне. Нүсіпхан келіп, мен бір биік тау тауып келдім, сол жерден сырғанайық деп. Сырғанауға бардық. Нұрсұлтан зыр етіп кеткен, бір уақытта ойбай құтқарыңдар деп айқайлаған дауыс естідік. Күләйхан екеуіміз сырғанап барсақ, шөптен ұстап алыпты. Жібермейді, жібер десек, жоқ сендер ұстай алмайсыңдар, менің белден төменгі жағым шұңқырға түсіп кетті деді. Сосын құтқарыңдар деп, айғайлап едік, ферманың бастығы келіп, Нұрсұлтанды шығарып алып, бір уақытта бері келіңдер деп, шөптің арасын ашсақ, әлгі үңгірдің іші жыланға толы екен», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдасы Әлфия БАУБЕКОВА.

«Ұйымшыл, ал енді сабақты оқуы жағынан өте жақсы оқыды. Бәрімізге қамқор болып, болысатын. Мен ылғи жанында партада бірге отырдым. Мен енді нашар оқыған оқушылардың бірімін, несін жасырамын. Содан көшіріп аламын бәрін. Көшіруге әдейілеп қойып қояды», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Кеңес БАЙБОСЫНОВ

2011 жылы режиссёр Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмі көрерменге жол тартты. Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірілген көркем туынды көпсериялы «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының бірінші бөлімі.  

«Ол кезде мен 5 жаста болғанмын. Анам «Қазақфильмге» барып кастинг жайлы біліп келді. Келесі күні кастингке бардық, бала көп болды. Видеопроба болды, фото түсірді. 1-2 сценаларын түсірді де сосын қарады. 2-3 күннен кейін бізге режиссер Рүстем Әбдірашев хабарласып, сіздер кастингтен өттіңіздер деді», - деді жас актер Елжас ӘЛПИЕВ.

Елбасының балалық шағын сомдаған бүлдіршін кино әлеміне қалай есік ашқанын ыстық ықыласпен еске алады. Болашақ көшбасшының мінезін, дара болмысын, алғашқы жеңістерін үкілі үміті мен асыл арманын қалың көрерменге жеткізу оңай болмаса керек.  

«Достарым көшеде көргенде: О,президент дейді. Мұғалімдер болса: «Ал, Назарбаев, енді сен айт сабақты», - дейді жас актер Елжас ӘЛПИЕВ..

Тәуелсіздік туын берік ұстап, асқан көрегендігімен мемлекет құрған, оның керегесін кеңейтіп, шаңырағын шайқалтпай, ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған жерін, жерлестерін бір сәтке де ұмытқан емес, деп еске алады сыныпастары.

Елбасының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары күйзелген елдің еңсесін тіктеп, қазақтың сайын даласын бірлік пен ынтымақтың бесігі ретінде орнықтыруы - батыл қадам болды. Ұлан-ғайыр далада ерекше сымбатымен бой көтерген елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы - бүкіл қазақстандықтардың үкілеген үмітіндей, аласармас арманындай биік.  Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қилы тағдырды басынан кешірген қазақ елін дүние әлемге жаңа келбетімен таныстырып, мәңгілік елге айналдырды.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы