Акция барысында қауіпті еңісте өскен ауру және қураған ағаштарды кесу қарастырылған
«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын жалғастыру аясында жазғы уақытта Алматы қаласында «Алматы жазы» акциясы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
26 маусым мен 6 шілде аралығында «Алматы жазы» акциясы барысында санитарлық мақсатта 6 мыңға жуық ағашты кесу жоспарланып отыр.
Апатты жағдайдағы ағаштарды санитарлық мақсатта кесу қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және бұл Алматы қаласы әкімдігінің ерекше бақылауында. Ағаштарды санитарлық мақсатта кесудің уақытылы жүргізілмеуі адамға және мүлікке зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ауру және қураған ағаштарды санитарлық мақсатта кесу, қатты жел мен нөсер кезінде бұтақтардың құлау қаупін азайтады.
Акция барысында қауіпті еңісте өскен ауру және қураған ағаштарды кесу қарастырылған. Оның орнына 10 есе көп мөлшерде көшет отырғызылады.
Естеріңізге сала кетейік, «Алматы жазы» іс-шарасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан елді мекендердің аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр. Бұл науқан адамдардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге, экологиялық мәдениетті арттыруға арналған.
Оқи отырыңыз: Атырауда 7 жасар баланы ескерткіш басып қалды