Бұл норма қала тұрғындарының сұранысын ескере отырып әзірленді
VIII сайланған мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясы барысында депутаттар Алматы қаласы аумағын абаттандырудың жаңа ережелерін бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыс барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық ортаны құруға бағытталған ережелердің бірнеше маңызды аспектісін атады.
«Біріншіден, ережелерде бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың жауапкершілігі бекітіледі. Іс-шарадан кейін олар тазалық жұмыстарын жүргізуге және аумақтарды абаттандырылған көрініске қайтаруға міндетті болады. Концерттер, фестивальдер, жәрмеңкелер және басқа да шаралардың көптігін ескере отырып, бұл Алматы үшін өзекті және қажетті шара болып табылады», - деді Асқар Әмрин.
Инфрақұрылымды дамыту кезінде жаяу жүргіншілердің, қоғамдық және велосипед көлігінің және арық жүйелерінің басымдығы бекітіледі. Бұл норма қала тұрғындарының сұранысын ескере отырып әзірленді.
Бұған қоса, көріктендіру паспорттарын қолдану жалғасады, олар 2013 жылдан бері тоқтатылған.
Паспортқа аумақ иесі және аудан әкімдігі қол қояды. Құжатта тротуарлардың, жасыл желектердің, қасбеттің жағдайларына, пандустар, қоршаулар, көше жиһаздары сияқты элементтермен жабдықтауға қойылатын талаптар бекітіледі.
Паспортты енгізу кәсіпкерлік нысандардағы және жеке меншіктегі аумақтардың жағдайларын бақылауды жақсартады.
Өз кезегінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкенов ережені қабылдау – экологиялық жағдайды жақсартуға және қала аумағын абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы маңызды қадам екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Үкімет су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлді