Конкурсқа Алматы қаласының барлық тұрғыны мен мекеме басшылары қатыса алады
8 сәуірде басталған «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Алматы қаласының әкімдігі «Үздік аула, үздік гүл отырғызушы, коммуналдық қызметтің үздік қызметкері» атағы үшін байқау өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байқауды өткізу мерзімі: 2024 жылғы 10 сәуір - 7 мамыр.
Байқау тұрғындардың қала аумағын күтіп ұстау, абаттандыру және көгалдандыруды жақсарту жөніндегі бастамаларын дамытуға бағытталған.
Конкурсқа Алматы қаласының барлық тұрғыны мен мекемелердің басшылары қатысуға құқылы. Байқау жеңімпаздары 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Байқау қаланың 8 ауданының әрқайсысында үш бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары арасында «Үздік аула» және «Үздік гүл отырғызушы» анықталады. «Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері» атағы үшін мүлік иелері бірлестіктерінің тазалаушылары, сондай-ақ көппәтерлі үйлердің ортақ мүлкін күтіп-ұстау бойынша қызметтер көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.
Қатысуға өтінімдерді 2024 жылғы 24 сәуірге дейінгі мерзімде орналасқан аумағы бойынша аудан әкімі аппараттарының коммуналдық шаруашылық бөлімдері қабылдайды.
Байқауды өткізу ережелерімен Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының сайтында танысуға болады.
Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: 6 мыңнан астам орындық пен 12 мың қоқыс жәшігі ауыстырылады