Таза Қазақстан: Алматы облысында тарихи-мәдени орындарда ағаш отырғызылды

17.04.2024 00:46

Жамбыл ауданында мәдени, киелі жер аз емес

Almaty.tv

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Алматы облысында да жалғасып жатыр. Науқан аясында өтіп жатқан «Киелі мекен» апталығында өңірдегі тарихи-мәдени орындар тазаланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл ауданының құрметті азаматтары, Жазушылар одағының мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары тұрғындармен бірлесе ауқымды жұмыс атқарды. Оның аясында мәдени және киелі жерлерде 60-тан астам ағаш отырғызылып, ескерткіштердің аймағы абаттандырылды.

Ақындар мен батырлар елі атанған қасиетті Жамбыл ауданында мәдени, киелі жер аз емес. Іс-шараға қатысушылар «оларды таза ұстау – ата-баба мұрасын сақтауға елеулі үлес қосу» дейді. Олар «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі  аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.  Науқанға үлес қосушылар жәдігердің маңына 30-дан астам көшет отырғызып, жасыл желекті көбейтті.    

– «Жасыл ел» бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштер аумағын көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызып жатыр. Бұл – тарихи мұраны сақтап қалудың жолы деп ойлаймын. Алдағы уақытта халыққа насихат ету, болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу – оларға үлгі болмақ, – деді  «Таңбалы» қорық-музейі директорының орынбасары Ринат Шәріпов.

Республика бойынша жарияланған тазалық акциясы бірнеше кезеңге бөлінген. Ал кешеден бері ел аумағында «Киелі мекен» апталығы жалауын көтерді.  

– Президентіміздің тапсырмасына сай, аудан аумағында үлкен акция жүріп жатыр. Бүкіл Қазақстанда сенбілік ұйымдастырылып жатыр. Акция аясында үлкен іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол кестеге сәйкес жұмыс істеп келе жатырмыз. Негізгі мақсат – еліміздің аумағын тазарту, – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас.

Отырғызылған көшеттерді мекеме қызметкерлері күтіп-баптайтын болады. Науқанға қатысушылар өсімдіктер тамыр жайып, жасыл аймақ көркейе түседі деген ниет білдірді.

Гүлмарал Изатқызы, Айдана Нұраш, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы