130 мыңнан астам гектар аумақ тазартылып, 1 миллион 300 мыңнан астам тал егілді
«Қазақстанда тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керек». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі. Президент «Таза Қазақстан» бастамасын әрдайым насихаттап, оның мәнін қоршаған ортаны тазартумен ғана шектемей, жауапкершілік мәдениетін қалыптастырумен байланыстырып келеді. Оның айтуынша, тазалық – азаматтық кемелдік пен ел өркениетінің көрсеткіші, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде бастама ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Жыл басынан бері 600-ден астам экологиялық іс-шара өтіп, оған 7 миллионға жуық адам қатысты. 130 мыңнан астам гектар аумақ тазартылып, 1 миллион 300 мыңнан астам тал егілді.
«Таза Қазақстан» бастамасының ел көлемінде қарқын алуы қоршаған ортаға да өз әсерін тигізіп келеді. Бүгінде өңірлерде тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, оның ауқымы жылдан жылға кеңейіп барады. Эколог мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстың нәтижесі бірден емес, уақыт өте анық байқалады. Сондықтан бұл – бүгінгі күннің ғана емес, келер жылдардың экологиялық жағдайына ықпал ететін ұзақмерзімді бастама.
– Соңғы ақпаратқа қарағанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл климаттың өзгеруіне оң әсер етеді. Жасыл желектер қоршаған ортаға бөлінетін парниктік газдарды бойына сіңіреді. Яғни бұл – климаттың өзгеруіне қарсы бағытталған ұзақмерзімді оң шара, – деді эколог ғалым Бауыржан Биахметов.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқамдық танытуға жол бермеу керектігін бірнеше рет айтқан. Бұл – әр азаматтың міндеті. Ал елдегі волонтерлердің айтуынша, «Таза Қазақстан» басталғалы тұрғындардың экологиялық мәдениеті де өзгере бастаған. Олардың сөзінше, қоршаған ортаны ластайтындар азайып, тазалыққа жанашырлық танытатындар қатары артып келеді.
– Бастапқыда осы акцияға сын көзбен қарап, «Бұл көзбояушылық» дегендер болды. Қазір жастарымыз «Бұл – біздің жеріміз, оны біз тазаламасақ, кім тазалайды?» деген патриоттық ұстаныммен акцияны кеңінен қолдап, белсенді қатысып жатыр, – деді «Азамат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Рахымбек.
Бұл пікірмен эколог маман да келісіп отыр.
– «Таза Қазақстан» тек жазалау құралына айналмауы керек. Қазір қоқысты белгіленбеген жерге тастағаны үшін айыппұл салынады. Әрине, оның да қажеттілігі бар. Президенттің сөздерінде де бұл бастама көбіне идеология ретінде көрінеді. Адамдар біртіндеп оған үйреніп, экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бұл, әрине, қуантады. Қазір студенттер көптеген экологиялық акцияларға үлкен ықыласпен, ниетпен қатысатын болған, – деді экология ғылымдарының докторы, PhD Айнұр Сейілхан.
Десе де, еріктілердің жетекшісі елде табиғатты ластап, қоршаған ортаға зиян келтіретін вандалдардың әлі де барын жеткізді.
– Бүгінде вандалдар бар. Самал саябағын жергілікті әкімшілік салып берді. Ата-аналар балаларымен бірге демалыс күндері осы жерде серуендейді. Бірақ саябақта әлі де қоқыс тастайтындар кездеседі. Балалар қоқыс тастаған жағдайда ата-анасы міндетті түрде ескертуі керек, – деді Дәурен Рахымбек.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жалпы 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өтіп, 3,8 миллион тоннадан астам қалдық жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды. Дегенмен бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, таза әрі көрікті ел – халықтың әл-ауқаты мен көңіл күйіне, сондай-ақ экономикалық өсімге әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан тазалықты сақтау мен елді көгалдандыру – мемлекеттік маңызы бар міндет. Бұл – бүгін үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін жасалатын жұмыс.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астана.