Олар тоғай аумағын тазалап, қоршаған ортаны күтіп ұстауға өз үлесін қосты
Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Алматыдағы Баум тоғайында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Игі бастамаға түрлі діни конфессиялардың өкілдері, діни бірлестік мүшелері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар тоғай аумағын тазалап, қоршаған ортаны күтіп ұстауға өз үлесін қосты. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті.
«Бір жылдың ішінде 2 акция өткізіледі. Биыл Бутаковкада мыңға жуық адам жиналды, қазір рощада адамдарды жинап, жастарды және дін өкілдерін біріктіріп, қаланы тазалап жатырмыз», – деді Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов
Ұйымдастырушылар түрлі конфессия өкілдерінің бір алаңда бас қосуы конфессия аралық келісім мен ынтымақтастықтың маңызын айқындайтынын айтты.
Айта кету керек, Баум тоғайындағы сенбілік – Алматы қаласы Діни көшбасшылар клубының биылғы қорытынды экологиялық акциясы. Бастама аясында қала тұрғындарына туған өлкенің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты қорғау ісіне күнделікті өмірде де атсалысуға үндеу жасалды.
«Ел Президенті «Мына тазалық қоршаған ортаны ғана тазалау емес, ол ойдың, ниеттің тазалығы» деді. Шын мәнінде, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ойы, ниеті таза болса, өзі тұрып жатқан жерін, қоршаған ортаны, ауланы таза ұстауға ұмтылыс пайда болады. Іс-шара бастама болады деп ойлаймын. Күз маусымы – тазалық аса маңызды уақыт», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан
Оқи отырыңыз: Алматыда бір күнде 1,2 мыңнан астам ағаш егілді