Қазақстан пойыздарында әйелдер вагоны пайда болды

13.10.2021 13:03

Халық тарапынан сұраныс болса, мұндай купелер басқа пойыздарда да енгізіледі

© Photo : Facebook / Қазақстан темір жолы

«Қазақстан темір жолы» АҚ әйелдер купесі бар алғашқы жолаушылар пойыздарын іске қосты. Әзірге мұндай вагондар тек екі –  Алматы – Өскемен және Алматы – Маңғыстау пойыздарында ғана бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.

Пилоттық жоба 10 қазанда басталды.

«Енді жолаушыларға пойыз таңдау құқығы беріледі: кәдімгі вагон немесе жеке әйелдер вагоны. Вагондардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ, жолақысы да бірдей. Тек кассадан және онлайн билет сатып алу шарттары ғана өзгеше», – делінген ҚТЖ хабарламасында.

BILET. RAILWAYS.KZ сайтында немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында билет алғанда «ЖН» литерінің болуы вагон тек әйелдерге арналғанын білдіреді.

Айта кетері, вагонға жеті жасқа дейінгі ұлдар да кіргізіледі.

Компания халық тарапынан сұраныс болса, мұндай купелер басқа бағдарларда да пайда болатынына сендірді.

Әйелдер купесі бар пойыздар Алматы-2 стансасынан аттанды. Жолаушылар тың бастамаға қуанып, пойыз бригадасының сервистік қызметіне жоғары баға берді.

«Менің вагоныма ең тәртіпті және жауапты жолаушылар жиналған, вагон іші тыныш. Әйелдер вагоны жобасы халық арасында танымал болады деген үміттемін», – дейді пойыз бастығы Айдарбек Сәбденов.

Еске салсақ, 2019 жылы жазда ҚТЖ басшылығы пойызда әйелдер купесін енгізу мәселесі әзірге қарастырылмайтынын мәлімдеді. Өйткені «теміржол ең қауіпсіз көлік түрі саналады».

Теги: Поезд ҚТЖ