«Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағына көліктердің кіруін шектеу шартына өзгеріс енгізілді

10.03.2023 14:45

Өзгерістер 2023 жылы 1 сәуірден бастап күшіне енеді

qazaqstan3d.kz

«Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағына көліктердің  кіруін шектеу шартына өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көлік жүктемесі мен қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында Алматы қаласының әкімдігі 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 «Алматы қаласының кейбір аумақтарына көліктің кіруін шектеу туралы» қаулысына өзгерістер енгізді. Өзгерістер 2023 жылы 1 сәуірден бастап күшіне енеді.

Электрлік қозғалтқыш автокөліктері (электромобиль) мен шұғыл, жедел, коммуналдық және арнайы қызметтер мен арнайы техникадан басқа көліктердің барлығына тау шаңғы курорты аумағына кіруге шектеу қойылады.

Қолданылған шаралар көліктен шығатын ластағыш заттардың көлемін азайта отырып ерекше қорғалатын табиғи аумақта қоршаған ортаға тигізетін кері  әсерді төмендетуге мүмкіндік беретін болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен жекеменшік иелеріне қозғалтқыш типіне қарамастан «Шымбұлақ» ТК аумағына кіруге рұқсат етілетін.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Медеу» МАТП аумағында орналасқан кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларға тиесілі және соларға қызмет көрсететін көліктерге шектеу күшіне енеді. Осы орайда шағын және орта бизнес субъектілеріне электр қозғалтқышты көлік сатып алу үшін «Алматы» ӘКК» АҚ қарасты «Алматы» МҚҰ» арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% жылдық мөлшерлемемен 30 млн дейін кепілді жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі беріледі. Борышкердің жеке меншігі сатып алынатын көлік құралының 50%-нан кем болмауы тиіс.

Іштен жанатын сұйық отынды қозғалтқышпен жүретін көліктердің жүрісін шектеудің негізгі мақсаты – зиянды шығындыларды азайтып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану.  Халықаралық тәжірибеге сәйкес мұндай экологиялық аумақтар «зиян шығындылардың төмен деңгейі аумағы» дегенді білдіретін Low Emission Zone (LEZ) белгісімен белгіленеді. Шетелде LEZ жүйесі жыл бойы 24/7 демалыс күндері де әрекет етеді.

Ақпарат үшін:

«Казгидромет» РМК ақпаратына сәйкес 2022 жылы Алматы қаласы бойынша атмосфераны ластау индексі 5 құраған (жоғары). Жылына 127 мың тонна есептік шығарындылардың 70 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі,  46 мың тонна – стационарлы ластау көздеріне (оның ішінде ЖЭО-2), шамамен 11 мың тонна –  жеке секторға тиесілі. Автотранспорт атмосфераны ластаудың негізгі көзі болып отыр. Қазіргі кезде Алматыда шамамен 560 мың автомобиль тіркелген, (оның ішінде электромобиль саны 958), күн сайын қала аумағына 200 мыңнан астам көлік кіреді. Ал оның 58%-ының қолданыс мерзімі 14 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімді құрайды.