Алматыда 2 метро стансасы іске қосылса, жолаушылар ағыны күніне 86 мың адамға жетеді

15.10.2021 14:57

Қала әкімі Б. Сағынтаев жыл соңына дейін станциялардың техникалық іске қосылуын қамтамасыз ету үшін құрылыс-әрлеу жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізуді тапсырды

пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде метрополитеннің екінші іске қосу кешені нысандарының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екінші іске қосу кешені аралық тоннельдерден және қазіргі кезде әрлеу жұмыстары жүріп жатқан «Сарыарқа» және «Б. Момышұлы» екі бекетінен тұрады. Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегінің екінші іске қосу кешені учаскесінің трассасы Абай даңғылының астында, Алтынсарин даңғылынан Яссауи көшесіне дейін батыс бағытта орналасқан. Құрылыс ұзындығы екі жолды бағытта 3,08 км құрайды.

Екінші іске қосу кешенінің жалпы дайындығы 91%-ға жетті. Бүгінде темір-бетон конструкцияларының құрылысы, аралық тоннельдерді қазу аяқталды, сәулет-әрлеу жұмыстары, жолдың жоғарғы құрылысы аяқталып қалды. Қалған жұмыстарға инженерлік желілерді төсеу және жабдықты іске қосу кіреді.

Бүгінде орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 30 мың адам. Мамандардың есептеуі көрсеткендей, екінші іске қосу кешені пайдалануға берілген соң орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 86 мың адамға жететін болады. Бұл Абай даңғылындағы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетуге және мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарының мобилділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Сарыарқа» бекеті – терең төсемді, пилон типті. Вестибюльден, екі кіру тобынан тұрады. 2 Лифт, 8 эскалатор орнатылды. Ол «Фэмили» саябағының жанына, №№3-8, 12 шағын аудандар бар, яғни қаланың ең тығыз елді мекендерінің бірінде орналасқан.

«Б. Момышұлы» бекеті – ұсақ қаланған, колонна типті. Екі жерасты вестибюльінен, алты кіру тобынан тұрады. 6 лифт, 15 эскалатор қарастырылған. Абай даңғылының жүріс бөлігінің астында, Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Бекет Жетісу, Жетісу-2, Жетісу-4, Мамыр, Мамыр-5, Мамыр-7 шағын аудандарын қамтиды.

Қала әкімі Б. Сағынтаев жыл соңына дейін станциялардың техникалық іске қосылуын қамтамасыз ету үшін құрылыс-әрлеу жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізуді тапсырды. Ол үшінші іске қосу кешені құрылысының барысын бағалады.

Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегінің үшінші іске қосу кешені учаскесінің трассасы құрылысы жүріп жатқан Абай даңғылының астында, Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін батыс бағытта орналасқан. Ұзындығы 2,5 км қос жолды бағыттағы аралық тоннельдерден және ұсақ төселген «Қалқаман» бекетінен тұрады. Құрылысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Есептік жолаушылар ағыны күніне шамамен 93 мың адамға жететін болады.