Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді
Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен кеңесте Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаев ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап тіркеу-емтихан қабылдау бөлінісін жойып, оның функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлікті тіркеу, құжаттар мен мемлекеттік нөмір белгілерін беру бойынша құжат қабылдауды Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жүргізеді.
Полиция қызметкерлері өз кезегінде Жол ережесін білуін тексеру үшін теориялық және практикалық тұрғыдан емтихан қабылдап, адамдар мен көлікті іздеу базасы бойынша тексеруден өткізіп, құжаттардың дұрыстығын тексереді.
ІІМ ұсынған бастамаларда МХҚКО-да тіркеу-емтихан қабылдау бөліністерін тарату, сондай-ақ теориялық және практикалық емтихандарды өткізу функциясын Мемлекеттік корпорацияға беру көзделеді.
Бұл ретте автокөлікті тіркеуге қажетті құжаттардың бар-жоғын полиция қашықтан, салық, кеден және басқа да органдардың базаларынан онлайн режимде, яғни «қағаз» құжаттардың ұсынылуынсыз-ақ тексере алатын болады.
Осылайша, жүргізуші куәлігін беру және көлікті тіркеу бойынша қызмет көрсету кезінде полиция азаматтармен, Мемлекеттік корпорация қызметкерлерімен мүлде байланысқа түспейді.
Тексеруге берілген құжаттар бойынша өтінімдерді бөлу полиция қызметкерлері арасында ешбір таңдаусыз, «адами фактор» жойылып, автоматты режимде жүргізіледі.
Сонымен қатар көлік құралдарын қарау және оларды бастапқы тіркеу кезіндегі процедураларды толық жою жоспарлануда.
Мәселен, жыл сайын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарап-тексеру және одан әрі тіркеу үшін 1 млн. 15 мыңнан астам автокөлік ұсынылады. Сондықтан алдымен Қазақстанда бұрын тіркелген автокөліктерді қайталап тексеру жойылды (1 млн. автокөлік). Енді ІІМ ӘПК және ҚР МКК ақпараттық жүйелері біріктірілгеннен кейін Қазақстан Республикасына жаңадан әкелінетін автокөліктерді бастапқы қарап-тексеру де жойылады, себебі алдын ала қарап-тексеру және кедендік тазалауды кедендік органдар жүргізетін болады, сондықтан ІІМ аумақтық органдарында қайталап қарап-тексеру қажеттілігі болмайды.
Бұл ретте ІІМ-нің ақпараттық жүйесіне көлік құралының деректерін енгізу және көлікті тіркеу үшін кедендік органдардың кедендік тазалау кезінде берген құжаттары, Кедендік одақ елдерінің органдары беретін көлік құралының паспорты және тіркеу туралы куәлігі негіз болады.
Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты жоюға, тіркеу-емтихан қабылдау бөліністерінің резервтегі штаттық бірлік қызметкерлерінің есебінен құрылған шаттық бірліктермен саптық бөліністерді нығайтуға мүмкіндік береді.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ қабылдау бөліністерінің функциялары қарапайым Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беріледі. Қазіргі уақытта ІІМ мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматына біртіндеп көшу үшін ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларын жүргізуде.