Air Astana рейстердің кешігуі мәселесін қалай шешеді

19.08.2022 в 15:24

2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостерге әуе рейстерінің кешігуі мәселесін шешу үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Бұл туралы ол Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министр П.Фостерге жыл соңына дейін авиакомпанияға 5 жаңа ұшақ сатып алуды тапсырған. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 самолетпен, Air Astana 3 ұшақпен толықтырылады.

"Жалпы, 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде. Авиакомпания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірді", - деп жазды Қайырбек Өскенбаев.

Кездесу соңында министр жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ ол әуе кемелері паркін ұлғайту және қазақстандық авиакомпаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру арқылы халыққа оңтайлы жағдай жасау Президентіміздің үнемі назарында екенін айтып өтті.

Бұрын Air Astana әуе компаниясына рейсті кешіктіргені үшін айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.