Алматыда қалалық маршруттарда дизельді автобустар жаңартылуда

19.08.2023 15:29

Жаңартудан кейін қозғалыс жиілігі 20 минуттың орнына 12-13 минут болады

adyrna.kz

21 тамыздан бастап №24 және №125 маршруттардың жылжымалы құрамы жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін №24 маршрутта 6 дизельді автобус жұмыс істеген. Оның орнына енді 12 жаңа газбен жүретін автобус қызмет етеді. Жолаушылардың сұранысы бойынша бұл бағыт ұзартылды. Ендігі бағыт: Сайын - Момышұлы - Төле би - Розыбакиев - Өжет ықшамауданына дейін Солтүстік айналма көшесімен жүретін болады. Алдыңғы маршрут ҮАК бойымен жүретін. Жаңартудан кейін қозғалыс жиілігі 20 минуттың орнына 12-13 минут болады.

Сонымен қатар №125 маршруттың жылжымалы құрамы толығымен жаңартылады, онда бұрын 6-7 дизельді автобус жүрген болатын. 21 тамыздан бастап осы бағытта 10 жаңа газбен жүретін автобус шығарылады. Бұған дейін аталған маршруттың жиілігі 40 минутқа дейін ұзарған, жаңа автобустар шыққаннан бастап жүру жиілігі 15-18 минутқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Барлық жаңа автобус орташа сыйымдылықта, он метрлік, едені төмен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдайлар қарастырылған.  Салқындату жүйесімен және пешпен жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда биыл коммуналдық автопарк 600 газ автобусы мен 100 троллейбус сатып алуды жоспарға енгізген. 100 автобус қалаға келді және құжаттар ресімделгеніне қарай желіге шығарылып жатыр. Қалған автобустарды жыл соңына дейін қалаға жеткізу көзделген.

Қалалық маршруттар туралы соңғы жаңалықтар қала әкімдігінің ресми парақшаларында және Алматы-жол телеграм арнасында жазылған.