Елімізде алғаш рет Еуропалық үлгідегі жол қауіпсіздік белгілері қойылды

24.05.2019 15:34

АО «НК «КазАвтоЖол»

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи әдістерді қолдануға көшті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жамбыл облысында республика бойынша тұңғыш рет күн сәулесінен қуат алып, түнгі мезгілде жанып тұратын жарық сигналдары (катафоттар) және «KAZAUTOZHOL» логотипі бар белгі беру бағаншалары орнатылды.

Көліктердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында Еуропалық үлгідегі жаңа белгілері Жамбыл өңіріндегі А2 «Алматы-Ташкент-Термез» автожолы «Тараз қаласы айналма жолы» учаскесінің 484 шақырымында, «Күйік асуын айналып өту» жолының 556 км, Нұрлыкент елді мекенінің тұсындағы 567 шақырымында (көліктердің кері бұрылу жерінде) қойылды. Жаңа үлгідегі жол белгілері қараңғы мезгілде жол жиегін жарықтандырумен қатар, жүргізушілердің назарларын аударады.

Мамандардың айтуынша, аталмыш шаралар жүргізушінің жол қозғалысы жағдайына жеңіл бейімделуіне және апаттың алдын алуға үлес қосады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ болашақта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін мұндай жол белгілерін халықаралық дәліздер мен республикалық маңызы бар жолдарға орнатуды жоспарлап отыр.