Қозғалыс жылдамдығы сағатына 120 км дейін рұқсат етілген II техникалық санаттағы күре жол болады
Бүгінде Ақтөбе облысында ұзындығы 319 км «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» республикалық маңызы бар автожол учаскесін қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш автомобиль жолы Орталық Азияны Еуропамен, сондай-ақ Ресей Федерациясымен қосатын халықаралық дәліз болып табылады.
Қайта жаңартудан кейін бұл көлік жолының ені 9 метрге дейін кеңейтіліп, қозғалыс жылдамдығы сағатына 120 км дейін рұқсат етілген II техникалық санаттағы күре жол болады.
«Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолын жөндеу жұмыстары 7 учаскеге бөлінген. Қазір оның 1 учаскесінде жұмыстар аяқталды, қалған ұзындығы 230 шақырымды құрайтын 4 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
160-220 км, 236-275 км, 275-330 км учаскелерін қайта жаңартуға халықаралық қаржы институттарын, оның ішінде Азия даму банкінен қаражат тартылды.
Қалған 11-52 км, 52-100 км (Ақтөбе-Қандыағаш) учаскесі бойынша жобаға сәйкес жолды ІІІ-ші техникалық санаттан төрт жолақты қозғалысы бар І-ші техникалық санатқа ауыстыру туралы техникалық шешімдер қабылданған болатын. Қазіргі уақытта мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық құжаттама әзірленуде.
Халықаралық транзит дәлізін қайта жаңартудың арқасында Қазақстанның Қытай, Ресей және Батыс Еуропа елдері арасындағы транзиттік ағынның және тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.