Алматы-Атырау бағыты бойынша рейс 12 сағат 9 минутқа кешіккен
«Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіру әуе тасымалдаушыларын жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту ісін жалғастыруда. 2022 жылдың 16 шілдесінде Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan бөлімшесі Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсін 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ал ұшақты осынша уақыт бойы күткен жолаушыларға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақүй ұсыну қызметтері тиісінше ұсынылмаған», - деп жазылған комиететтің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Осылайша, әуе компаниясына 4 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл салынған.
«Бұл Air Astana тобын әуе рейсіне жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін өткен айда салынған төртінші айппыұл», – дейді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Бұған дейін Air Astana компаниялар тобына жыл басынан бері рейс кешіктіріп, жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 9 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.