Көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз қайта басқарғаны үшін жаңа құқық бұзушылық енгізілді

12.09.2022 16:37

Мәселені қарау соттарға жүктеледі

Фото: ашық дереккөзден

Көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз қайта басқарғаны үшін жаңа құқық бұзушылық енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы әкімшілік полициясының мәліметінше, көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз қайта басқарғаны үшін жаңа құқық бұзушылық енгізілуде. (ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-1-бөлігі) Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі шара көзделген, мәселені қарау соттарға жүктеледі. (ҚР ӘҚБтК-нің 684-бабы 1-бөлігі). 

"Сонымен қатар, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқарғаны үшін айыппұл түріндегі жаза алынып, 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу енгізілуде. (ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі). Алғаш рет көлік құралын тоқтату туралы заң талабын орындамағаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 1-бөлігі) айыппұл 40 АЕК-ге дейін көтеріледі және әкімшілік жаза түріндегі баламалы жазаны енгізе отырып, 3 тәулікке дейін қамауға алу құзыретін соттардың қарауына береді. Сондай-ақ, көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі бір жылға дейін ұлғайтылып, іс-әрекетті қайталап жасағаны үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі қосымша жазалар енгізіледі. (ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 3-бөлігі) Мұндай құқық бұзушылықты көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адам жасаған кезде айыппұл 60 АЕК-ге дейін ұлғайтылады және 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаның қосымша түрі енгізіледі (ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 3-1-бөлігі)", – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейтқұлов. 

Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды бұйрығына немесе талабына бағынбағаны үшін баптың санкциясынан (ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі) “ескерту” алынып тасталды, айыппұл 30 АЕК-ге дейін өсті және 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу мерзімі белгіленді. Мұндай әрекетті қайталап жасағаны үшін 15-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген. (ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 2-бөлігі) Әкімшілік қамауға алу қолданылмайтын адамдарға қатысты айыппұл 50 АЕК-ге дейін өсті. (ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 3-бөлігі) Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. (2022 жылдың 11 қыркүйегінен бастап).