Ауданда күн сайын 38 бағыт бойынша 564 автобус қатынайды
Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде Бақытжан Сағынтаев қоғамдық көлік мәселесінің қалай шешіліп жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімнің айтуынша, ауданда 38 бағыт бойынша 564 автобус қатынайды. Бүгінде олардың 80%-ы ауыстырылды, соның ішінде биыл №18, 32, 41, 92 бағыттар жаңа жылжымалы құраммен жаңартылды.
Бұдан бөлек, өткен кездесуде тұрғындар қоғамдық көліктердің бағытын өзгертуді өтінген болатын. Сол бойынша №13 (24 емханаға дейін ұзартылды), №51 (Захаров көшесі арқылы қатынайтын болды) және №41 (№44 мектепке баратын болды) бағыттар өзгертілді. №36, 41, 74, 86 бағыттарының қатынау аралығы қысқарды.
Аудан тұрғындары сұрағына жауап бере келе, қала басшысы «Бүгінде бағыттар «адамдар қайда көп барады» деген принципке бейімделді, ал сіздердің тілектеріңіз бойынша қала бойынша бағыттарды қайта қарастырамыз», – деді.
Алматы әкімінің Түрксіб ауданы тұрғындарымен болған кездесуі жайлы толық мән-жайды бүгін "Алматы" телеарнасынан сағат 13:00, 15:00, 19:00 және 19:30-да болатын жаңалықтардан біле аласыздар.