Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы болады

17.10.2022 16:51

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді

tengrinews.kz

Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың шақырым тасжол ақылы болады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытта ақылы учаскелердің ұзындығы - 2 161 шақырым. Биыл жалпы төлемдер төрт миллиард теңге болды. Жалпы, 2025 жылға дейін жол учаскелерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталғанда, 11 мың шақырымға кезең-кезеңімен ақы төлеуді енгізу қарастырылады", - деді Өскенбаев Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Ведомствоның баспасөз қызметі 11 учаскеде төлем енгізілгенін түсіндірді: "Астана-Щучинск", "Астана-Теміртау", "Алматы-Қапшағай", "Алматы-Қорғас", "Қапшағай-Талдықорған", "Тараз-Қайнар", "Шымкент-Тараз", "Шымкент-Ташкент", "Шымкент-Қызылорда", "Щучинск-Көкшетау", "Астана-Павлодар".

Жеңіл көліктер үшін тариф 1 шақырымға - 1 теңге, жүк көліктері үшін 1 шақырымға - 25 теңге.