Ақпан айында бірқатар пойыз билеттері арзандайды

30.01.2019 22:25

«Тұлпар-Тальго» пойызының билеттері 2 ақпаннан бастап шамамен, 1000 теңгеге арзандайды. Әзірге бұл өзгеріс Астана – Алматы және Алматы –Шымкент бағыты бойынша жүретін қос пойызға ғана қатысты болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Билет құнының төмендеуі аталмыш бағыттардағы «фирмалық мәртебенің» алынып тасталғандығына байланысты екен. Енді айырмашылығы сол, фирмалық мәртебесі жоқ пойыздарда жол жиынтығы берілмейді. Онда шәйға және гигиенаға қажетті қорапша беру қарастырылған.

Айта кетейік, «Қазақстан Теміржолы» құрамында фирмалық мәртебе 3 бағытта Астана – Алматы бағытында жүретін «Бәйтерек», «Астана-Маңғыстау» және «Астана-Атырау» пойыздарында сақталып қалды.  

«Бұрын көрсетілген қызмет сапасына тіс пастасы, тарақ, сабын, майлық сияқты жеке гигиеналық заттар кіретін. Енді фирмалық мәртебе алынып тасталғаннан кейін жолаушыларға жол жиынтығы берілмейді. Сол себепті баға құны арзандайды. Бұл пойыздарға үкімет тарапынан субсидия жүретін. Ал 2017 жылдан бастап бұл пойыздарға субсидия жүргізілмеді. Біз өзіміздің тарапымыздан қаржы жұмсап, осындай қораптарды енгізген едік. Енді осы жылдың ақпанынан бастап, министрліктің келісумен, фирмалық мәртебені алып тастап отырмыз. Сол себепті билеттің бағасын арзандатып отырмыз», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІП.