БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты мәліметтің кейін берілетінін жеткізді
Оралда кондуктор мен жолаушы төбелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал қаласы жолаушылар көлігі және автомомобиль бөлімі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Алмас Ахошевтің айтуынша, оқиға кеше сағат 16.40 шамасында №22 бағытпен жүретін автобуста болды.
Кондуктордың түсініктемесіне қарағанда, медколледж аялдамасынан Құс фабрикасы ауданына қарай кетіп бара жатқан жолда ер адам белгіленбеген жерден тоқтауды талап еткен. Ол жерде жаяу жүргінші жолы да жоқ. Автобус тоқтамағаннан кейін ер адам мен кондуктор сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан.
Аталған бағыт бойынша «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС қызмет көрсетеді.
«Қазіргі кезде кондуктор мен жүргізушіні шақырып, анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деді А.Ахошев.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты мәліметтің кейін берілетінін жеткізді.