Тұрғындарға елдімекендерден тыс жерге шықпауға және трассаның жағдайын қадағалап отыруға кеңес беріледі
Қазақстанның бірқатар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жамбыл облысында сағат 10.00-де қалың қар мен жаңбырдың салдарынан "Алматы-Ташкент - Термез" автомобиль жолының 160-238 шақырымында Отар және Қайнар ауылдарының арасында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді", - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Ордабай.
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық бағытта жолдар жабылғанын және балалар бүгін оқуға бармайтынын хабарлады.
"21 желтоқсанда ескерту жарияланды. Облыста қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады және желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Түнде және таңертең бірінен кейін бірі республикалық және облыстық маңызы бар жолдар барлық бағыт бойынша жауып тасталды. Сондай-ақ, Өскемен мен Семейде қатты желден оқушылар үшін сабақ тоқтатылды", - делінген облыстық ТЖ департаментінің хабарламасында.
Тұрғындарға елдімекендерден тыс жерге шықпауға және трассаның жағдайын қадағалап отыруға кеңес беріледі. Жолдарды жабу және ашу туралы ақпаратты: Республикалық маңызы бар жол болса (8 7232) 26-28-08 нөмірі бойынша, облыстық - 57-42-52, сондай-ақ ШҚО ТЖД сайтында "шұғыл ақпарат" бөлімінен білуге болады. Төтенше жағдайға тап болсаңыз "112" құтқару қызметінің бірыңғай нөміріне қоңырау шалыңыз.