Ең көп заңдастырылған көлік Ресейден жеткізілген
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев көліктерді заңдастыру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сұлтанбаев өз сөзінде 2023 жылдың 23 қаңтары мен 26 наурызы аралығында 69 мыңнан аса көлік заңдастырылғанын айтты.
"Оның ішінде автокөліктердің 67 пайызы (46 592) Ресей Федерациясынан, 19 пайызы (13 424) Армениядан, 10 пайызға жуығы (6 788) Қырғызстаннан, 2 пайызға жуығы (1 296) Грузиядан", - деді Сұлтанбаев Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.
Ол қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктерді заңдастырудың шарттарын айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірлегенін атап өтті.
"Жоба қоғамдық талқылаудан өтті, қазір оның қорытындысын шығарып жатырмыз, содан кейін жобаны түпкілікті бекітуге мемлекеттік органдарға жолдап, кейін үкіметке жібереміз", - деп қосты комитет төрағасы.