Жергілікті жолдарды жөндеуге 350 млрд теңге бөлінеді

27.02.2019 18:43

Елімізде 12,5 мың шақырым автомобиль және 2,5 мың шақырым темір жол салынып, қайта жаңғыртылды

Жергілікті жолдарды жөндеуге 350 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары республикалық автокөлік желілерінің құрылысы бойынша тарихи маңызды жұмыстардың жүргізілгендігін атап өтті. Нақты айтқанда, 12,5 мың шақырым автомобиль және 2,5 мың шақырым темір жол салынып, қайта жаңғыртылды.

«Автобан салу маңызды. Дегенмен, үйге дейін жеткізілген жол одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдары желісін кеңейту - бұл Үкіметтің басты міндеті, оның орындалуын партия бақылауы қажет. Бұл мақсатқа қосымша 350 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президентінің дерегінше, аталған шаралардың арқасында 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызының жай-күйі айтарлықтай жақсаратын болады.

Сонымен қатар Елбасы өңірлік көлік инфрақұрылымының барлық нысандары, оның  ішінде әуежайлар, авто және теміржол вокзалдары жаңғыртылуы тиістігін баса айтты.