Қытайда Қазақстанның логистика орталығы ашылады

18.05.2023 19:36

Былтыр екі ел арасында темір жолы арқылы тасымалдау мөлшері 23 миллион тоннаға жетті

Ақорда

Қытайда Қазақстанның логистика орталығы ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы жаңадан бой көтеретін нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент қатысушыларды логистикалық орталық құрылысының басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңызын атап өтті.

– Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр. Жаңа терминал Қазақстандық тауар өндірушілердің жүк жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік бермек.

– Бизнес шығындары төмендейді. Өткен жылы екі ел арасында теміржол арқылы тасымалдау мөлшері 23 миллион тоннаға жетті. Ол – біздің тарихымыздағы ең үлкен көрсеткіш. Ал қазіргі таңда осы жылдың төрт айындағы көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсті, – деді «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.