Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері маусымда ашылуы мүмкін

23.05.2020 19:54

Тараптар екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығының биылғы І тоқсандағы қорытындысын шығарды

perm.nanotravel.ru

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері маусымда ашылуы мүмкін. Бұл туралы  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Almaty.tv

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Қараисмаилоғлымен телефонмен сөйлескен.

«Министрлер екі елде де эпидемиологиялық жағдай жақсарса, барлық санитарлық талаптарды сақтап және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасай отырып, биыл маусым айының үшінші онкүндігінде әуе рейстерін қайта жандандыру мүмкіндігін талқылады», - делінген хабарламада.  

Тараптар екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығының биылғы І тоқсандағы қорытындысын шығарды. Теміржол көлігімен тасымал көлемі  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артып, 239 мың тонна болды. Автомобиль көлігі саласында 42 пайызға өсім болып, 65,2 тоннаны құрады. Транскаспий Халықаралық Көлік Бағытымен транзиттік тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайып, 7,4 мың контейнерге жетті.

Еске салайық, бұған дейін көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов елдердегі карантиннің әлсіреуі және шекараның ашылуы хабарланғанымен, қазақстандықтарға әлі де саяхатқа шықпауға кеңес берді.