Рысқұлов даңғылы мен Жансүгіров көшесі бойындағы ыстық су құбыры жарылып, қала жұртын әбігерге салған болатын
Алматы жұртшылығын таңнан алаңдатқан су құбыры апаты қазір мамандардың бақылауында. Рұсқұлов даңғылы мен Жансүгіров көшесі бойындағы ыстық су желісі жарылып, қала жұртын әбігерге салған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының ала таңы Рысқұлов даңғылындағы көлік кептелісімен басталды. Қала жұртын жылумен қамтып отырған үлкен құбыр жарылып, маңайындағы бірнеше нысандарға ыстық су аққан екен. Абырой болғанда, жауапты мамандар дер кезінде келіп, құбыр арнасын уақытша тоқтатып үлгерген.
«Тұман болып кетті, ештеңе көрінбей қалды. Менің көргенім сол. Қақпаны жаптық. Бұл жерді су басып қалды. Дегенмен ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір жарылған құбырды жасап жатыр», – деді куәгер Тұрсынғали Еркінбеков.
Ал апатты орынға алғаш болып келген Жетісу ауданы қызметкерлері көлік кептелісінің болатынын алдын ала ескерткен. Өйткені құбырды жөндеу үшін оқиға орнын қоршап, құбырды қазып алу керек.
«Бұл 1984 жылы қойылған құбыр. Жаз бойы сынақтан өткізілген еді, алайда ол кезде мұндай олқылықтар болмаған еді. Бұл аяқасты туындаған апатты жағдай болды. Айнабұлақ, Көкмайса, Құлагер ықшамаудандарына жылу қосылып отыр. 15 минуттың ішінде суды жылдам тоқтатып, бәрін №15 сусорғыш станциясы арқылы жылуға қостық», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ернат Дүйсенбекұлы.
Міне, дәл осы тұстағы қос құбырдың бірі қақ айырылып, қала жұртшылығын қаңтарып тастады. Қазір мамандар алып бетонды кранмен көтеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізбекші.
«Аталған апатты жағдай жылу тасымалдайтын құбырлардың ескіргенінен болып отыр. Оны жасырмаймыз. Мәселен, бұл маңдағы құбыр 62 пайызға ескіріп, тозығы жеткендіктен, қысымды көтере алмаған. Десе де, жылда біз текеріс жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріп отырамыз», – деді «Алматы жылу желісі» ЖШС баспасөз өкілі Наталья Инкина.
Тиісті тексеріс кезінде ешқандай олқылық байқалмады деген мамандар жалпы осы маңдағы бірнеше құбыр жүйесін енді қайта тексеретінін жеткізіп отыр. Оның үстіне, көп құбыр жүйелерінің ескі екенін растайды. Ал құбыр жөндеу жұмысын жуық арада реттеп, Рысқұлов көшесінің бір жолағын көлік қозғалысы үшін ашатынын айтты.
Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы