Тұрғындар құқық қорғаушыларға қордаланған арыз-шағымдарын жеткізіп, кеңестерін тыңдады
Тәртіп сақшылары арнайы автобуспен қалаға шығып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауда. Бүгін полицейлер Алматының үш аумағында болып, арнайы қабылдау өткізді деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тұрғындар құқық қорғаушыларға қордаланған арыз-шағымдарын жеткізіп, кеңестерін тыңдады. Халықты әсіресе, жол қозғалысы қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасын сақтау, көліктерді тіркеу саласындағы сауалдар көбірек толғантатын көрінеді. Сондай-ақ, тұрғындар жүргізуші куәлігін алудың жолдары мен айыппұлдарды төлеу бойынша көп сұрақ жолдаған. Мұндай шара бүгін-ертең еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Полицейлер осы арқылы халыққа жақын болуды көздеп отыр екен.
«Бұл соңғы немесе бірінші акция емес. Бұл науқанды біз ары қарай жалғастырамыз. Мысалы, бұрын біздің Полиция департаментінің басшылары немесе орынбасарлары халықты аптасына екі рет қабылдаса, ал қазір күнде қабылдаймыз. Қазір департаменттердің алдында фронт офистер ашылып жатыр. Оның барлығы осы халыққа жақындаудың мәселесін шешіп жатыр», - деді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.