Ал шығыстағы автожол келесі жылы тапсырылады
Қазақстандағы жолдардың сапасы сын көтермейді. Ауыр жүк көліктерінен бөлек, күннің ыстығына төтеп бере алмайтын асфальт тек Қазақстанда ғана бар шығар. Мәжіліс депутаттары елдегі транзиттік жолдың жайын айтып, Индустрия министрін сұрақтың астына алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет сағатына келіп, депутаттарға есеп берді. Баяндамасы жиырма минутқа созылғанымен, отырыстың өзі 3 сағат болды. Халық қалаулыларының министрге деген сауалы мен назы көп. Депутат Альберт Рау Қазақстандағы жолдардың сапасын Африка елдерімен салыстыруға келмейді деп сынады. Ол «Кения, Танзания сынды мемлекеттердің тас жолы біздікінен қарағанда тақтайдай» дейді. Ал Берік Бекжанов ауыр жүк көліктерін былай қойып, күннің ыстығына төтеп бере алмайтын асфальттың жағдайын айтты.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа жолының салынғанына біраз уақыт болды. Өкінішке қарай, сол жолдың салынғанынан бастап жамау жұмыстары қатар жүріп жатыр. Биылғы жылы Түркістан облысы Екпінді ауылының тұсында жолдың қабаты өзінен өзі көтеріліп кетті. Осы мәлімет сізге белгілі ме? Егер белгілі болса, оның себебі неде?», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов
Министр үстінгі қабаты көтеріліп кеткен афсальттан хабардар екен. Ал оның олқылығын жобалау кезіндегі қателік деп түсіндірді. «Кемшіліктерді алдағы көктемге дейін жөндейміз» деп уәде берді. Жайылып жүрген малдың транзиттік тас жолдарға шығып кетіп, көп жағдайда жүргізушілерге кедергі келтіру мәселесі де қозғалды. Депутаттардың айтуынша, мұндай оқиғалар жол жиегіндегі қоршаудың жоқтығынан жиі орын алады.
«Біз жолдардың қоршауын жасап жатырмыз. 1 мың км жолды қоршап қойдық. Бірақ торды пайдаланып едік, оны жергілікті тұрғындар алып кететін болды. Сол себепті қазір басқа технологияны қолданып жатырмыз. Кішігірім қоршау секілді жасайық десек, түйе, жылқы басып өтеді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, қоршаулар мәселесін алдағы уақытта да қарастырылады. Қайырбек Өскенбаев биыл жыл соңына дейін елде ұзындығы 1 мың шақырым жол пайдалануға берілетінін айтты. «Қарағанды - Балқаш - Бурылбайтал - Құрты - Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы – 946 шақырым. Бүгінде ондағы 428 шақырым қолданыса берілген. Жылдың соңына дейін қосымша 106 шақырым жол ашылады. Министр Қалған бөлігі 2023 жылы аяқталатынын айтты. Ал шығыстағы автожол келесі жылы тапсырылады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан