Қалада қоғамдық тасымалдау қызметін атқаратын 25 автобекет бар
Автобус жүргізушілеріне қойылар талап күшейген. Қазір қаладағы жауапты органдар қоғамдық көлік қозғалысын қатаң бақылап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр қарашада 21 адам зардап шегіп, 1 азамат көз жұмған қайғылы жол-көлік оқиғасы автобус жүргізушісінің ереже сақтамауынан болған еді. Санаулы күн бұрын ғана Шымкентте де 5 адамның өліміне себеп болған автобус апаты қабырғаны қайыстырды. Өкініштісі, қоғамдық көлік көп ереже бұзатындықтан апат әлі де азаймаған.
«Үш айдың нәтижесі бойынша Алматы қаласында 101 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның себебінен 143 адам зардап шекті. Қаза болғандар жоқ. Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес 72 хаттама толтырылды. Қылмыстық іс қозғалған жоқ», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Еркін Өтегенов.
Қазір қалада қоғамдық тасымалдау қызметін атқаратын 25 автобекет бар. Олардың балансында 2137 автобус пен 160 троллейбус тіркелген. Қоғамдық көліктердің қозғалысын құзырлы органдар қатаң бақылап отыр. Мәселен, жыл басынан бері тәртіптік жазаға тартылған 100-ге жуық жүргізуші жолдағы ережені бұзудан бөлек, жолаушылардың өміріне қауіп төндіргені үшін жауап берген. Бұл ретте қоғамдық көлік тізгініндегілердің де айтар уәжі бар.
«Үйіндегі әңгімесін айтатын адамдар бар. Кейде жолаушылар ұрысып та кетеді. Бірақ сыртқы факторларға мән бере бермеймін. Мен үшін жол маңызды. Біздің жұмыста үлкен жауапкершілік артылады. Адам өміріне жауап бересің, сол себепті де талап қатал», – деді троллейбус жүргізушісі Жанна Ришова.
Паркке бардық, жағдайды көрдік. Талапқа сай, жүргізушілер жұмыс күнін медициналық тексеруден бастайды. Жол апатына тікелей себеп болар техникалық ақаудың алдын алады, қоғамдық көлікті дайындықтан өткізеді. «Мұның бәрі күн сайын қайталанатын қалыпты үрдіс болғандықтан, жолға бұзылған көліктің шығуы мүмкін емес» дейді мамандар. Демек апатқа адами фактор тікелей әсер етеді.
Жүргізушілердің айтуынша, басты міндет – кестеге сай жұмыс істеу. Өйткені, әр минут есептеулі. Кептеліс кесірін тигізіп, белгіленген уақытқа үлгермей қалса, жүргізушілер жауапқа тартылады. Бұл – өзгермейтін ереже.
Қайғылы жағдай қайталанбас үшін талап бірден күшейген. Қалалық мобилділік басқармасы өкілдері жүргізушілердің жұмыс өтіліне мән беріп, куәлігінде «Д» санатының болуын қадағалайды. Тізгінге отырар азаматтың жасына де белгілі бір шектеу қойылған. Одан бөлек, әр автобекеттің өзіндік талабы тағы бар.
«Қазіргі таңда автопарктердің басшына апта сайын жиналыс өткізіп жатырмыз. Бөлім мамандары шығып тексереді және заң бұзылған жағдайда бақылау инспекциясы мен жергілікті полиция басқармасы бірге жұмыс атқарады», – деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.
Бұл саладағы өзекті мәселе – маман тапшылығы. Алматылық қоғамдық көліктер 1300-ден аса жүргізушіге мұқтаж. «Күніне 12-14 сағат жолда жүретін автобус тізгіншілеріне берілетін жалақы да жақсы» дейді басқарма өкілі. Ал қатаң талап, күшейтілген ереже аталған салада тек білікті маманның жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы