«Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» тас жолы арқылы Алматыға қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталды

27.08.2022 в 20:55

Қалана айналып өтетін ірі транзиттік жол жоспар бойынша 2024 жылы аяқталуы тиіс

«Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» тас жолы арқылы Алматыға қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

2 мамырдан бастап қолға алынған жоба аясында автожолдың 23-шақырымы жабылған болатын. Ал айналма жолдан шығатын көшелер тар болғандықтан, кептеліс туындап, жолда жүру уақыты ұзарған еді. Қазір бұл мәселе шешілді, -дейді жауаптылар.

Алматы Ұзынағаш жоғарғы тас жолы - қалаға облыстан қатынайтын бірден-бір ірі жол торабы. Үлкен Алматы айналма тас жолының түйісетін жері мына жолмен қиылысатындықтан, бұл маңда уақытша жол қозғалысы шектелген еді. Жергілікті тұрғындар Райымбек ауылдық округін басып өтетін айналма жол біраз мәселені шешті дейді. Бірақ оқу жылы басталса, көлік саны артады, сәйкесінше ол кезде де кептеліс болуы мүмкін.

«Кептеліс көп болатын еді. Қадімгідей мына жерде жиналып тұратын. 2-3 шақырым, қазір жоқ. Айналма жолдың арқасында көп проблема шешілді», – деді такси жүргізушісі Айтбек Жабаев.

«Ашылғалы бері осы жақпен жүріп жатыр ғой. Кептеліс жоқ», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Айхан Арынова.

«Ал құрылыстың қатысы жоқ. Қауіпсіздік ережесін бұзатын жүргізушілердің әрекетінен кептеліс пайда болады», – дейді полиция қызметкерлері.

Бұл мәселені арнайы жол патрульдік қызметі қадағалайды.

«Бұрынғыдай кептеліс жоқ. Егер Үлкен Алматы айналма жолы ашылатын болса, болашақта төмен қарай, таңғы, кешкі уақытта да кептеліс болмайды деп үміттенемін», – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ысқақов.

Айналма жол ашылғанымен, алты жолақты жол торабының құрылысы аяқтала қойған жоқ. Сондықтан кейбір аймақта жол қозғалысы әлі де қиындап тұр.

«Мынау үлкен жолға қосылады да  жол тарылып қалады. Жаяу жүргінші бар, Райымбекке қарай бұрылатын халық бар. Осы мәселені шешу керек. Құрылыс толық аяқталса, кедергісіз жүреді», – деді Бұлақты ауылының тұрғыны Нұрлан Рүстембеков.

«Біз қолдан келгенше тездетуге тырысып жатырмыз. Бакад құрылысы нөлден басталып салынып жатыр, оны  білесіздер. Жалпы ұзындығы 66 шақырым болатын жолдың 57 шақырымы 6 жолақтан, ал қалғаны 4 жолақтан тұрады», – деді құрылыс компаниясының ресми өкілі Екатерина Жирова.

Алматыны айналып өтетін ірі транзиттік жол жоспар бойынша 2024 жылы аяқталуы тиіс.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы