Үш күнге созылған тексеруге 500-ден астам полиция қызметкері қатысқан
Жамбыл облысында небәрі 3 күннің ішінде жол қауіпсіздігін сақтамағандарға қатысты 2540 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталған. Бұл – жергілікті полицейлердің жүргізген тексеру жұмысының нәтижесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбылдық полицейлер жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында облыс көлемінде рейд жұмысын жүргізді. 3 күнге созылған тексеруге 500-ден астам полиция қызметкері мен 155 қызметтік көлік құралы жұмылдырылған. Дрон ереже өрескел бұзылғанда, көбіне қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегін анықтау үшін қолданылған. Ал темір тұлпар тізгіншілері полицейлердің әуеден бақылау жүргізуіне қатысты түрлі пікір білдірді.
– Дрон ұшырып жатыр деген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бәрі жылдамдықты сақтамайды. ЖКП да жиі кездеседі, – деді қала тұрғыны Рысалы Дәуренбек.
– Мен қолдаймын. Қазір бейнекамера да жиі қойылған. Соған қарамастан камера жоқ жерде жүргізушілер жорл ережесін сақтамайды, – деді қала тұрғыны Жандар Момынқұлов.
Өңірдегі жүргізілген жұмыстың нәтиежесінде 3 тәулікте 2540 әкімшілік құқық бұзылған. Оның басым бөлігі қауіпсіздік белбеуін тақпағандар.
– Атқарылған жұмыстың бір күндік нәтижесінде 18 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының Түркістан облысы мен Алматы облысының шекаралас аумағындағы 450 шақырым ааймақта ілесіп, алып жүру іс-шарасы атқарылады, – деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті басқармасы бастығының міндетін атқарушы Манас Әбдікәрімов.
Тас жолдарды торуылдайтын темір құстарды қолына қондырған тәртіп сақшылары алдағы уақытта мұндай жұмыс жүйелі жалғасатынын айтты. Ал сала мамандарының сөзінше, жол көлік оқиғалары алдағы уақытта азаяды.
Жомарт Есқара, Асылжан Шымкент, «Алматы» телеарнасы, Тараз