Енді автобус жүргізушілерінің еңбекақысы базалық сағаттық тарифтік мөлшерлемесінен тұратын болады
Автобус жүргізушілерінің бірыңғай жалақысы сағатына 750-ден 1100 теңгені құрайды. Бұл туралы Алматының Қоғамдық кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматының жолаушылар көлігі кәсіпорынының ассоциациясы жүргізушілердің еңбек ақысының бірыңғай базалық методикасын жасап шығарды. Енді автобус жүргізушілерінің еңбекақысы базалық сағаттық тарифтік мөлшерлемесінен тұратын болады; уақытынан артық, түнгі мезгілдегі жұмыс, мейрам күндеріндегі жұмыстары үшін қосымша төленеді; негізгі жалақыдан бөлек 25%-дан 50%-ға дейінгі сыйақылар жүреді.
«Тарифті мөлшерлеме автобустардың сыйымдылығына байланысты бекітіліп, оның көлемі жұмыс сағатына 750-ден 1100-ге дейінгі аралықты құрайды. Ал сыйақылар еңбек, бағыттық тәртіп, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеттілігіне қарай төленетін болады. Орта есеппен алғанда, жүргізушілердің айлығы 198 мың теңге көлемінде», – деді Алматы қалалық мобильдігі басқармасының басшысы Сағындық Телібеков.
Сондай ақ Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің есептік реестрі жасалды. Оны avtopark-almaty.kz сайтынан қарап білуге болады.
«Базаға 3416 жүргізушінің мәліметі енгізілді (жұмыс орны, еңбек өтілімі, құқықбұзушылықтарының бар-жоғы, айыппұлдар, жолаушылардың пікірлері, автопарк әкімшілігінің мінездемесі). Осы мәліметтерге сәйкес жүргізушілердің рейтингі жасалып, соған қарай жүргізушілердің «қара тізімі» жасалмақ. Бұдан бөлек, жолаушылар сайтта жүргізушінің жұмысына қатысты пікірлерін қалдыруға да болады», – деді Телібеков.
Алматыда қалалық бағыттардағы қоғамдық көліктердің жартысынан көбі субсидияланады - тасымалдаушылардың шығындары бюджет есебінен қайтарылып отыр. Былтырғы жылы заң бұзушылықтары үшін тасымалдаушылардан 597 млн теңге ұсталған. Енді 2019 жылдан бастап айыппұлдардың жаңа түрлері енгізілді - әрбір заң бұзушылық үшін 0,2%.