Алматыда жаңа камералар орнатылды

30.11.2021 21:00

Алматылық жүргізушілер байқаған жаңа үлгідегі камера – «сергектің» жақсартылған түрі

otyrar.kz

Алматыда жаңа камералар орнатылды. Бұған дейін аталмыш камералар Шымкентте орнатылған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұл көлемі шағын, оптикасы жақсырақ, тұнықтығы жоғары жаңа үлгідегі камера. «Сергек» шыққалы бірнеше жыл болды, содан бері камералар үздіксіз дамып жатыр, біз де өнімдерімізді заманға сай жаңартып отырамыз. Бұл камералардың оптикалық жүйесі жақсырақ, қамту аймағы мен сурет сапасы тұрғысынан техникалық мүмкіндігі жоғары», – деді компания өкілдері.

«Сергекті» жасаушылардың айтуынша, бұрынғы камералар бекітілген аралықты бақылайтын объективпен жабдықталған. Ал жаңа камера – вариофокальді, яғни фокус ұзындығын қолмен немесе қашықтан реттеуге болады. Вариофокальді объектив шолу аймағын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді, соның арқасында өлшемді сапалы жасауға және мемлекеттік нөмірді анығырақ суретке түсіруге болады. 

Жаңа камера да «дөңгелек» әріптесі секілді жол ережесін бұзғандарды тіркейді.

Теги: камера