«Астана ЛРТ» АҚ басқармасы биыл 100 электрлік автобус сатып алынғанын айтты
Елордалықтар сағаттап автобус күтіп, қала берді онда сығылысып жүрудің жауыр болғаны қанша жылдан бері айтылып келе жатса да, түйткілдің шешілмей, керісінше жыл сайын асқынып бара жатқанын түсінбей дал. Жаздың шіліңгір ыстығында да, қыстың қақаған аязында да қиындыққа тап болатын астаналықтар автобус мәселесі мезі қылғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоғары сотта жұмыс істейтін Нұргүл Нұрабаева үйге дәл осы «Министрліктер үйі» аялдамасынан қайтады. Айтуынша, жұмысқа келу мен кетудің өзі бір бейнет.
«Сағат 18:30-дан бері міне бір сағаттан асып кетті, жоқ. Автобустардың қатынау жиілігі 10 минут сайын деген. Бірақ, шын мәнінде бір сағаттан да асып кетеді. Айтсаң «бізге айтпаңдар, барып, әкімшілікке айтыңдар» дейді. Әкімшілікке шағым түсіріп жатыр ғой енді, шешілмей жатыр. Біздің айлығымыз жетпейді таксимен жүруге. Тұрамыз осы жерде», – дейді жолаушылардың бірі Нұргүл НҰРАБАЕВА.
Аялдамада қоғамдық көлік күтетіндердің саны өте көп. Олар әр келген автобусқа иін тіресе кіруге ұмтылады. Онсызды лық толы көлікке кейде сыймай қаламыз дейді.
«18:30-дан 20:30-ға дейін осылай ғой. Автобустар аузы-мұрнына шығып тұрады, мініп-түсу мүмкін емес. Мен өзім мысалы осы тұрғанда бес автобусты жібердім. Өйткені сыймадым ішіне», – дейді келесі бір жолаушы.
«40 минут күтесің, сосын осылай сығылысып әрең кетесің. Қырсық қылғанда, күн қатты аязда жылытқыш аялдамалар да істемей қалады. Сондықтан жаурап, дірілдеп тұрғаның осылай. Бізді былай қойғанда, балаларға обал», – деді тағы бірі.
«Жарты сағат болды, күтіп тұрмын. Күнде осылай. Аязды күндері тоңамыз», – деді келесі бір жолаушы.
«Көлігім сынып қалып еді. Бір апта болды. Күнде кешкісін осы міне. Жұрт автобусқа сыймайды. Халықтың бәрі ашулы. Бір-бірін таптап, бір-бірінің үстіне мініп жатыр. Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Ертең -30, -40 болған кезде халық мүлдем далада қалайын деп тұр ғой», – деді тағы бір автобустың тұрақты жолаушысы.
Автобустарға сыймай, діттеген жеріне жету үшін қоғамдық көлікті елордалықтар сағаттап күтуге мәжбүр. Бұл, әсіресе, сақылдаған сары аязда ыңғайсыз, үсіп-тонамыз дейді тұрғындар. Бір қызығы, бұл қала шетіндегі емес, дәп қақ ортасында тұрған «Министрліктер үйі» аялдамасы. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған түйткілді атқамінерлер білмейді емес біледі, тіпті күнделікті көреді де. Алайда, мәселені шешуге асықпайтын сыңайлы.
Елордалықтар жергілікті билік проблемаға біраз бет бұрса дейді. Айтуларынша, әсіресе, №10, 29, 15 және 32 автобустардың интервалы тым ұзақ. «АСТАНА ЛРТ» акционерлік қоғамының жетекшілігі болса түйткілдің барын растады. Мәселе жолаушылар легі көп және қарбалас уақытта ғана туындайдынын жеткізді. Бұған қоса техниканың да кейде істен шығып қалатыны, жүргізушілердің тапшылығы барын айтады.
«Мәселе жоқ деп тұрғам жоқ, бар. Бірақ біз шешуге тырысып жатырмыз. Жолаушылардың шағымдары ескерілуде. Проблеманы шешу үшін биыл ең басты қолға алынып жатқан шара – автобустарды көбейту. Биыл 100 электрлік автобус сатып алынды. Биыл жартысын, келер жылы қалғанын алып келеміз. Оларды дәл осы жүктемесі көп бағыттардың мәселесін шешу үшін жібереміз», – деді «Астана ЛРТ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан СЕЙІТОВ.
Жаңадан келетін автобустар жаңа бағыттарға жіберіле ме, әлде қолданыстағыларға қосыла ма, әзірге белгісіз. Мәселе талқыланып жатыр-мыс. Ал қалалықтардың түйткілі шешілгенше мұздай аялдамаларда дірілдеп күтуден басқа амалы жоқ сияқты.
Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан