12 жылда 724 жер телімі босатылып, иелеріне 8 млрд теңге бөлінген
Талай жылдан бері созбалаңға салынған Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы басталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір жұмысшылар «қызыл сызыққа» түскен үйлерді күреп, торап түсетін жерлерді тегістеп жатыр.
Тас жолды салу кезінде Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 100-ге жуық үй сүріледі. Маңызды жолдың құрылысы үшін мемлекет 12 жыл аралығында 724 жер телімін босатыпты. Жер иелеріне өтемақы үшін қазынадан 8 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, екі жер учаскесінің иесі берілетін өтемақыға әлі де келіспей жатқан көрінеді. Қазір олардың мәселесі сотта қаралып жатыр.
Тас жолды салуға шетелдік инвесторлар тартылған. Олар құрылысқа бас-аяғы 187 млрд теңге жұмсамақ.
Үйлерден бөлек, құрылыс кезінде 20 мың ағаш оталады. Дегенмен, құрылысшылар кесілген әрбір түп жасыл желектің орнына 3 ағаштан отырғызуға уәде беріп отыр. Демек, маңызды тораптың маңайына болашақта 60 мың тал егіледі.
Айналма жол төселетін аумақта 300-ге тарта сақ қорғаны бар екен. Сондықтан археологтар алдын-ала ежелгі қорғандардың бетін ашып, қазба жұмыстарын жасап жатыр. Олар әр қорғанды 5 метрге дейін қазып, құнды жәдігер тапса арнайы зерттеу институтына тапсырмақ.
«Мына қорғанның диаметрі шамамен 30 метр, біз оны толықтай қарау керекпіз. Себебі ертеңгі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда біздің заманымызға дейінгі қабірдің орнына түсіп кетуге жол бермеу керекпіз. Қазылып болған соң, ол мемлекеттік қорғау тізімінен алынып, құрылысшылар жұмыстарын әрі қарай жалғастыра береді», – деді «Қазархеология» ЖШС бас ғылыми қызметкері Асқар ӘБІЛДИН.
Жол Алматының батысындағы Қырғауылды ауылының тұсынан басталып, шығыс жағында Алматы-Талғар трассасының 22-ші шақырымымен аяқталады. Маңызды магистральдің құрылысына қазынадан бір тиын да бөлінбейді. Автобан түрік-корей инвесторларының қаржысына салынады. Мердігерлер айналма жолдың құрылысына 187 млрд теңге бөлген. Десе де, инвесторлар бұл қаржыны қайтарып алатынына сенімді.
«Құрылыс жұмыстарын бітіріп, қозғалысты ашқаннан кейін біз бұл жолды басқарамыз. Автобан ақылы болады. Оған терминалдар қойып, жолақысынан түскен қаржыны өз меншігімізге аламыз. Келісімшарт бойынша айналма жолды біз 15 жыл 10 ай басқарамыз», – дейді жоба жетекшісі Гюнай ГОКАЛП.
Айналма жол бойына арнайы шлагбаум қойылып, 15 терминал орнатылады. Жеңіл көліктерге жол ақысы – 200 теңге, ал жүк көліктері үшін тариф 290 теңге көлемінде болады деп отыр. Тас жолға 8 жолайрық пен 40-тан астам көпір тұрғызылады. Мамандар алты жолақты автожолдың сапасы мінсіз болады деп сендіріп отыр.
«Жолдың техникалық категориясы ең жоғарғы - 1 «А» санатында болады. Оның есептік жылдамдығы 140 шақырымнан астам, ал жолдың жамылғысы цемент-бетон болады», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан АБЛАЛИЕВ.
Ұзындығы 66 шақырым болатын айналма жолдың маңызы зор. Тас жол қолданысқа берілген соң Алматыдағы кептеліс айтарлықтай азаятын көрінеді. Қазір алып шаһармен күніне 60 мыңнан астам транзиттік машина өтсе, халықаралық магистральдің бөлігі ашылған соң көлік нөпірі едәуір сейілмек.
«Транзиттік транспорттың 80 пайызға дейіні осы айналма жолы арқылы айналып өтуге мүмкіндігі бар. Мысалы, Қорғастан келе жатқан көліктер Тараз, Шымкентке қарай өтуі үшін бүгінде Рысқұлов даңғылы немесе қала көшелері арқылы өткен кезде осы қаланың ішінде ғана 2,5-3 сағатқа дейін уақыт жоғалтады. Ал, осы айналма жол біткеннен кейін ол 15-20 минутта Алматыны айналып өтіп кете алады. Серіктес қалалар мысалы, Қаскелең, Ұзынағаштан келе жатқан көлік, болмаса Талғардан шыққан көліктер Ұзынағашқа өту үшін бұрын қаланың ішімен өтсе, енді олар ішке кірмей-ақ, өзінің діттеген аудандарына бара алады», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан АБЛАЛИЕВ.
Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2022 жылы торап қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.