Алматылық троллейбус жүргізушісі күнделікті жасайтын жаттығуын көрсетті

30.07.2021 22:53

Шымыр азаматтың турниктегі өнері – күнделікті ой мен денені сергіту жаттығуы

Алматылық спортқұмар қоғамдық көлік жүргізушісі желі қолданушыларын таңғалдырды. 55 жасар троллейбус тізгіншісі Асхат Ибраев бала күнінен күреске қатысып, әлі күнге дейін спортпен айналысатын көрінеді. Алайда әлеуметтік желіде көрініп, «атымды шығарамын» деген ойы мүлдем болмапты. Шымыр азаматтың турниктегі өнері күнделікті ой мен денені сергіту жаттығуы, деп хабарлайды Almaty.tv

Бір күнде өзінің өнерімен бұқараның қошеметіне ие болған Асхат Ибраев қоғамдық көлікті тізгіндегеніне 5 айдың жүзі болған. Күні бойы қала тұрғындарын қажетті жерге жеткізіп, соңғы аялдамаға жеткеннен кейін спортпен жаттығады. Ал, қоғамдық көлік ұстағыштары желіні шулатқан жүргізуші үшін спорт залындағы керменің рөлін атқарады. Жүргізушінің айтуынша, троллейбус турниктері 100 келіге дейін көтере алғандықтан, жарақат алып қалудан қорықпайды.

«Мында бәрі бар. Мына темірлер спорт залындағы керменің рөлін атқарады», – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Асхат Ибраев.