Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде троллейбус паркін модернизациялау және 2022 жылы мегаполистен Талғарға дейін жеңіл рельсті көлік салу жобасын іске қосу туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
С. Құсайынов алматылықтар арасында троллейбустар үлкен құрметке ие екенін атап өтті. Көліктің бұл түрі қалаға қажет, бірақ жаңарған нұсқада. «Алматыэлектротранс» паркін жаңарту туралы уәде орындалады.
Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы рет Алматы үшін троллейбустар 2012 жылы сатып алынған. Қазіргі уақытта қала бойынша 215 бірлік жұмыс істейді, оның ішінде 34 троллейбусты есептен шығару жоспарлануда.
«Бүгінде троллейбус паркі 165 техника бірлігі шығатын тоғыз бағытқа қызмет көрсетеді. Ай сайын жолаушылар ағыны шамамен 2,5 млн адамды құрайды», – деді С. Құсайынов.
Ол сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың АЭТ өтейтін банк қарызы есебінен 190 жаңа троллейбус сатып алу мүмкіндігін қарастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар қалада троллейбустардың жүру жолында 41 шақырымнан астам қолданыстағы кабельдер ауыстырылды, сондай-ақ 600-ден астам жаңа тіректер орнатылды, 172 шақырым байланыс желісі қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар троллейбустардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін жасалды.
2021 жылдың тамыз айында Сейфуллин көшесіндегі 1-вокзалдан Райымбек даңғылына дейінгі троллейбустардың байланыс желілері ауыстырылды. Бүгінде осы учаскеде байланыс желілері үшін кронштейндерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Әуезов көшесі бойымен Гоголь көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі байланыс желілерін ауыстыру жұмыстары басталды. Жобаның аяқталу мерзімі – 2022 жыл.
Сондай-ақ С. Құсайынов 2022 жылы жоғарғы Талғар тасжолында LRT құрылысының басталғаны туралы айтып берді. Ол тиісті келіссөздер жүргізіліп жатқан әлеуетті инвестор бар екенін хабарлады.
«Теміржолдардың негізгі бөлігі Алматы облысының аумағы арқылы өтетіндіктен, келіссөздер процесіне жауапты тұлғаларды Алматы облысы әкімдігінен де тарту туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады қала әкімінің орынбасары.
Жоба өте ауқымды, көптеген мәселелерді пысықтау қажет. Инвестициялар көлемі, жобаны іске асыру мерзімдері жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің нәтижелері бойынша белгілі болады.
Қазіргі уақытта әлеуетті инвестор жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді бастады.
Айта кетерлігі, жеңіл рельсті көлік құрылысы көптен бері талқыланып келеді, ол мегаполисті дамытудың бас жоспарында бар.