Күн сайын миллионға жуық автокөлік ауаға 112 мың тонна зиянды қалдық бөледі
Биыл Алматы атмосферасына орта есеппен 189 мың тонна зиянды қалдық шығарылған. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 60 пайызға жуығы автокөліктен бөлінген. Осылай деген мамандар, экологиялық ахуалды реттеуге әрі заң бұзғандарды дереу анықтауға арналған жаңа жобаны таныстырды. Алғашқы спектрометр Төлебаев және Гоголь көшесінің қиылысына орналастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы қаласында қазірдің өзінде 600 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Және күніне 400 мың темір тұлпар сырттан шаһарға қарай ағылады. Қоса есептегенде, шамамен миллионға жуық автокөлік ауаға 112 мың тонна зиянды қалдық бөледі. Оның 30 мыңға жуығын «Еуро 0» экологиялық санатына жататын ескі көліктер шығарады екен.
«Осыған байланысты Алматы қаласының табиғат қорғау прокуратурасы әкімдікпен, сондай-ақ «Сергек» компаниясымен бірлесе Қазақстанда алғаш рет спектрометр қондырғысын орнатты. Тың жоба нормативті бұзған, яғни шектен тыс зиянды қалдықтарды бөлген автокөліктерді автоматты түрде анықтайды», - деді Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев.
Спектрометр екі қондырғыдан тұрады. Мамандар олардың кем дегенде 5 метр аралығында қарама-қарсы орналастырылып, әзірге, бір бағыттағы, ені қысқа көшелерде ғана жұмыс істей алатынын айтады. Тың технология шығарындыларға қатысты ақпаратты жарық сәулелерінің көмегімен бірден жинақтайды.
«Осылайша қондырғының көмегімен біз ауаға қандай зиянды зат бөлінгенін, мөлшерін, оны қай көлік шығарғанын біле аламыз. Бұл біздің автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін тану жүйесімен тікелей байланыстырылған. Десе де, алдымен тың технологияны тексерістен өткіземіз, тиімділігін зерттейміз», - деді «Sergek Group» компаниясының менеджері Әмірхан Өтегенов.
Жобаны әзірлеушілер, егер жоба сынақтан сәтті өтсе, құжаттары дайындалса, спектрометрді Алматыдан бөлек, әр өңірде қолдануға болатынын сөз етті.
«Автокөліктен бөлінетін шығарындылар мөлшерін қайткен күннің өзінде бақылап, әрдайым оң шешім шығаруымыз қажет. Мәселен, «Еуро 0», «Еуро 1», «Еуро 2», «Еуро 3» экологиялық санаттарына жататын көліктердің қозғалысы шектелсе, зиянды қалдық мөлшері 10 есеге азаяр еді», - дейді Экология және қоршаған орта басқармасының сарапшысы Нәзия Аухинова.
Ал қалада орналасқан 19 экологиялық бекет биылдың өзінде 132 мыңнан аса көлікті тексеріп үлгеріпті. 8 айдың ішінде шамамен 17 мыңнан аса әкімшілік хаттама толтырылған.
Спектрометр датчигі ауаға зиянды қалдық бөлген автокөлікті автоматты түрде анықтайды. Ал бейне бақылау камерасы заң бұзғандарды базаға енгізіп отырады. Әзірге пилоттық жоба ретінде қолданылып жатқан тың технология екі ай мерзімінде сынақтан өткізіледі.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ақылды камералар саны 30 пайызға артпақ