Алматыда экологияны жақсарту мақсатында 150 жаңа автобус сатып алынды

16.02.2021 23:30

Заманауи транспорттың жағдайымен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев танысып қайтты

Almaty.tv

Алматыда газбен жүретін 150 жаңа автобус сатып алынды. «Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркінің қоры бүгін 41 автобуспен толықты. Ал, қалған 109-ы жақын арада жеткізіледі. Су жаңа автобустар қашан жолға шығады? Олар қай бағытта қатынайды? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

Заманауи транспорттың  жағдайымен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев танысып қайтты. Шаһар басшысы қоғамдық көліктердің жаңартылуы экологияны жақсарту жолындағы қаланың басты жобаларының бірі екенін баса айтты.

Экологиялық таза көліктердің сыйымдылығы үлкен, едені төмен. Сондай-ақ жолаушы ағынын есептейтін автоматты жүйемен, соңғы үлгідегі датчиктермен жабдықталған.

Ал, жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін тағы 83 автобус, оның ішінде 38 электробус сатып алу көзделген. Осылайша, жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады.

«Біз қазір келісімшарт бойынша 150 көліктің 41-ін алдық. Ұзындығы 12 метр, ал ені 2,8 метр. Сыйымдылығы 90 адам. Жаңадан келген автобустарда жеңілдеткіш жүйесі жақсартылған. Сондай-ақ әу баста анықталған кемшіліктердің барлығы ескерілген», – деді «АЛМАТЫЭЛЕКТРОТРАНС» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Құрманбай.

Автобустар кондиционермен, салонның сыртында және ішінде бірнеше камерамен жабдықталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы баспалдақ пен 3 орындық қарастырылған. Заманауи транспорт тіпті жүргізушінің жағдайын бақылай алады. Ол үшін адамның шаршау деңгейін анықтайтын датчик орнатылған.

Жаңа автобустарда апатты оқиғалардың алдын-алу үшін барынша жағдай жасалған. Мәселен, жүргізуші орындығының алдына орнатылған датчик жүргізушінің жағдайын бақылап отырады. Егер оның шаршағаны анықталса, құрылғы бірден белгі береді.

«Заманға сай. Түрлі датчиктер, жүргізушіге датчиктер және жолаушылар санайтын датчик камералар қойылған. Жүргізушіге де түрлі жағдай қарастырылған. Жолаушыларға да қолайлы, ыңғайлы, жаңа», – деді «АЛМАТЫЭЛЕКТРОТРАНС» ЖШС автобус жүргізушісі Орал Жұмабеков.

Айта кетейік, қазір мегаполисте 147 бағыт бойынша қатынайтын 1940 автобус бар. Оның ішінде 321 қоғамдық көлік таза отынмен жүреді. Ал, су жаңа 150 автобусты пайдалануға беру наурыз айының соңына жоспарланған.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы