Министрлік әуе отыны тапшылығына қатысты түсініктеме берді

29.10.2021 01:22

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазір әуежайларда 27,9 мың тонна отын бар

toppress.kz

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бүгін авиаотынның жетіспеуіне қатысты мәлімдемеге пікір білдірді. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай авиажанармайдың тапшылығынан үздіксіз жұмыстың тоқтауы мүмкін деп дабыл қаққан еді. Аталған мәселеге қатысты Алматы әуежайындағы жағдайды Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.   

Бұған дейін «СКАТ» әуе компаниясы да авиаотынның жетіспеушілігін жеткізген еді. Нұр-Сұлтандағы ахуал халықаралық Алматы әуежайындамыз да байқалады. Өйткені тұрақты жолаушылар рейсіне құйылатын жанармайдың көлемі шектелген. Сондай-ақ чартерлік рейстерге авиаотын құю тоқтатылды. Бұл мәселеге бүгін министрлік өкілдері жауап берген еді.  

«Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарына байланысты авиа отынның ішкі нарығында әуежайлар мен әуе компаниялары үшін авиакеросин өндіруге және қамтамасыз етуге байланысты белгілі бір қиындықтар бар. Дегенмен тұрақты жолаушылар және жүк рейстері үздіксіз қамтамасыз етілді. ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп, зауыттардан, жеке компаниялардан, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-дан Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастағанға дейін әуе компаниялары мен әуежайларға отын жеткізу кестесін әзірледі», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде.

Жалпы, соңғы уақытта ел аумағында тек авиаотын ғана емес, дизель мен сұйық газдың да жетіспеушігі байқалып отыр. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазір әуежайларда 27,9 мың тонна отын бар. Оған тағы 9,2 мың тонна жанармай зауыттардан жөнелтілген. Мәселені жою үшін қосымша келісімшарт жасалып жатыр дейді өкілдер.

«Жақын күндері 3900 тонна отын жеткізіледі. Бүгін 3800 тонна әуе керосиннін жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды және оған қаржылай төлем жасалды. Елорда уақытымен 16.00-де Н.Назарбаев әуежайында сақтау базасында 921 тонна отын, оның 200 тоннадан астамы бүгін жеткізілді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов.

Жауаптылар «авиакеросиннің қосымша жеткізілуі рейстердің тоқтап қалуының алдын алады» деп отыр. Жуырда шешілуі тиіс мәселе осылайша тұрақты әуе қатынасының үзілмеуіне сеп болмақ. Ал дабыл қаққан әуежайлардың жайын алдағы уақытта білетін боламыз.

Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы