Аталған жол айрықтың құрылысын қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ерекше бақылауға алып отыр
Алматыда Құлжа тасжолындағы көлік жол айрығының эстакадасы ашылды. Енді аймақтағы көлік ағыны айтарлықтай азаймақ. Жол айрығының жұмыстары толығымен қашан аяқталады? Бұл тұрғындарға қаншалықты тиімді? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі жауап іздеп қайтқан еді.
Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшесі қиылысындағы көпір құрылысы өткен жылы басталған. Бүгінде солтүстік бағыттағы эстакаданың құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, екі бағытта да автөкөлік қозғалысы ашылды. Жалпы ұзындығы – 536 шақырым. Мамандардың айтуынша, енді Бұқтырма көшесіндегі көлік тығыздығы 30 пайызға, ал Құлжа тасжолында 15 пайызға азаяды деп күтілуде. Бүгінде оңтүстүстік эстакаданың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Барлық жұмыстар 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр. Эстакада күні кеше ашылса да, көлік жүргізушілері жолдағы қозғалыстың тиімділігін байқап үлгерген.
Қазіргі таңда бұдан бөлек, Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы жол айрығының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұған 6 мердігер ұйымның 70 жұмысшысы және 20 техника бірлігі жұмылдырылған. Желтоқсан айында көпірдің толық бөлігі болмаса да, оның бойымен көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Рысқұлов даңғылы бойынша тәулігіне 80 мың, ал Емцов көшесінде 40 мың көлік өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көлік жүктемесін 15-20 пайызға азайтады дейді мамандар.
«Қазіргі уақытта батыс жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі, 8 бұрылыс жолдары, сонымен қатар Рысқұлов даңғылы бойынша асфальт бетон жабындысын ауыстыру жұмыстары, 6 тіректі орнату жұмыстары және аралық құрылымды орнату жұмыстары аяқталды», – деді қалалық мобилділік басқармасы бөлімінің бас маманы Қайрат Анарбаев.
Айта кеткен жөн, шаһардағы жол айрық жұмыстары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жеке бақылауында. Бұл тұрғындар үшін жолда жүру қолайлылығын қамтамасыз ете түспек.
Қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, бүгінде шаxарда 3 көлік жолайрығы салынып жатыр. Барлық жұмыстар келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл қаладағы көлік кептелісін 25 пайызға азайтпақ.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы