Елімізде қоғамдық көлікте кімдер тегін жүре алады

25.05.2022 21:53

Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады​

Tengrinews.kz

Елімізде қала маңындағы елдімекендерге қатынайтын автобустарда 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер жолақының 50 пайызын ғана төлейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәжіліс депутаттары көлік мәселелері бойынша Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, құжат ҚР 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Атап айтқанда заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық, ауылдық, қала маңында қатынайтын автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлей алады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар, депутаттар Заң жобасын талқылау барысында елімізде автомобиль және темір жолдардағы қордаланған мәселелерді айтып, министрдің назарын аударды.

«Мынау Түркісіб темір жол таруының салынғанына 90 жыл болды. Содан бері көлік 90 есе көбейген шығар? Халықтың саны 4-5 есе көбейді. Түлкібас кентінде ортақ өткелде 50 мыңнан астам адам 11 елдімекен күнделікті кептелісте тұрса, қандай экономика, қандай қауіпсіздік, қандай автоматтандыру, қандай бейнебақылау болады? Апаттан қалай сақтанамыз? Барлық сала дамып жатыр, теміржол тоқырап қалғандай», – деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.