Жанармай қоры толықтырылмаса да, бүкіл ел бойынша үш аптаға жетеді
ҚР Энергетика министрлігі жанар-жағармай бекеттеріндегі кезек пен бағаның өсуіне орай, Қазақстандағы жанармай мен сұйытылған мұнай газының қоры жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі 15 қыркүйек күні таратқан мәлімет бойынша, қазір АИ-92 жанармайының шекті бағасы литріне 205 теңге болып тұр. АИ-95 мемлекеттік реттеуге жатпайды, сондықтан премиум жанармайға шекті баға белгіленбеген. Жанармай қоры толықтырылмаса да, бүкіл ел бойынша үш аптаға жетеді. Ешқандай тапшылық жоқ.
- Елдегі АИ-95-тің жалпы қоры (мұнай базалары мен мұнай өңдеу зауыттарында, жолдағы бекеттерде және импорт) жеткілікті әрі 57 мың тоннаны құрайды, бұл 21 күндік қажеттілікті қамтамасыз етеді. Қорлар ресурс ұстаушылардың сұранысына және өндіріс көлеміне байланысты толықтырылады, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сұйытылған мұнай газына келетін болсақ, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Батыс Қазақстан облысы бойынша жеткізу жоспары «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС кәсіпорындарында жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты төмендейді. Министрлік бұл өңірлердің басым бөлігіне қосымша отын қорын бөліп қойған.
Оқи отырыңыз: Елдегі автокөлік саны бес миллионнан асты