«Алматы-2» вокзалында «Жолаушыларға қызмет көрсету» орталығы ашылды
«Алматы-адалдық алаңы» жобасы аясында билет алу мен сатудың жаңа жүйесі пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді делдардар бұрынғыдай билетті оп-оңай кассирге өткізе алмайды. Тұрғындардың қамы үшін «Алматы-2» вокзалында бүгін «Жолаушыларға қызмет көрсету» орталығы ашылды.
Теміржол жолаушылары бұл орталықта 3 түрлі қызмет ала алады: касса, анықтамалық қызмет, және өз өтініштері мен шағымдарын қалдыратын орын. Сондай-ақ бұл орталықта кез келген сұрағыңызға жауап береді. Мәселен, купеңіз лас не болмаса теміржол қызметкері дөрекілік көрсетсе осында келіп шағымдана аласыз. Аймақтарға жиі сапарлайтын Динара Ескендірова үшін осы үш қызметтің де маңызы зор. Ең бастысы ол «перроннан шыққанда билет болмай қала ма деп алаңдамайтын болдым» дейді.
«Теміржол қызметін пайдаланып жүргеніме біраз жыл болды. Бүгін осындай орталық ашылды дегеннен кейін осында арнайы келіп билет алдым. Маған ең ұнағаны – кассир қыздың көрсеткен өте сыпайы қызметі және билеттің ешқандай пайызсыз сатылғаны», – дейді ол.
Вокзалдардағы делдалдар мәселесі бұрыннан бар. Әсіресе, олар жазғы маусымда демалыс пен мерекелер алдында жаппай билеттерді сатып алып, оның үстіне өз пайыздарын қосып саудалайды. Ал, қарапайым халықтың алыпсатарлар айтқан бағаға алғаннан басқа амалы жоқ. Енді жаңа жүйе бойынша билетті қайтару басқаша жолмен жүзеге аспақ.
«Бұрын кассир жүйені үнемі жаңартып, қайта тапсырылған билеттерді аңдып отыратын. Қайтарылған билет шыға қалса, дереу алып, керек адамына сататын. Енді, бұл жүйе басқаша алгоритммен жаңаратын болады. Ол 10 секундта немесе 15 минутта болуы мүмкін. Сондықтан, кассирлердің дәл сол билетті қағып алу мүмкіндігі болмайды», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Данияр ТАУМҰРАТ.
«Орталықтың ашылуының себебі – делдалдардың жолын кесу. Екіншіден, халыққа кедергісіз қызмет көрсету. Делдалдардың жолын кесу мемлекеттік мекемеге деген халықтың сенімін арттырады. Және де бірінші шілдеден бастап билет алып-сатудың жаңа жүйесі енгізіледі», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.
Орталық күн сайын және тәулік бойы жұмыс істейді. Егер бұл жоба өз тиімділігін көрсетсе, оны басқа аймақтарға да енгізу жоспарланып отыр. Қазір қалалық «Жолаушылар тасымалы» қызмет ететін 115 бағыт бар. Олар жыл сайын 15 миллиондай жолаушы тасымалдайды.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.