Бүгінге дейін 1300 жаңа автобус сатып алынды, жыл соңына дейін қоғамдық көліктер 100 пайызға жаңарады
Қала әкімі Бауыржан Байбек Орталық Азияда 50 жылда бірінші рет өтіп отырған «BUSWORLD Central Asia 2019» халықаралық автобустардың көрмесіне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала басшысының айтуынша, көлік реформасын жүзеге асырып отырған Алматыдай алып шаһар үшін бұл – үлкен тәжірибе.
«Қазіргі таңда субсидияның арқасында тасымалдаушылар құрамы 80 пайызға жаңарып, 1300 автобус сатып алынды. Жыл аяғына дейін ол 100 пайызға жеткізілмек. Алдағы уақытта автобус паркі 4 есе ұлғаяды. Біз бұған бірнеше миллиардтаған қаржыны көлеңкеден шығарып, транспорт саласын ашық жүргізудің арқасында қол жеткіздік. Жақын арада Алматыда жасалған электр автобустары бағытқа қосылады. Ол үшін арнайы «FalconEurobus» зауыты салынған болатын. Автобустардың жүру кестесін жүйелеу мақсатында тасымалдаушыларға айыппұл сала бастадық. Өткен жылы олардан 560 миллион теңге субсидия ұсталды», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімінің айтуынша, биыл жазда троллейбус желісін жөндеу жұмыстары да басталатын көрінеді. Бүгінде оның 172,6 шақырым жобалық сметасы дайын. Бұдан бөлек, жаңа троллейбус электростансаларының құрылысы мен жаңа желі салу үшін оны техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама троллейбустардың бағыт санын арттыруға, апатты жағдайдың алдын-алуға септеседі. Бауыржан Байбек BRT желісінің де іске қосылуы жолаушылардың уақытын 40 пайызға үнемдейді деді. Сондай-ақ, Тимирязев көшесінде автобус қозғалысы жеңіл көліктерге қарағанда 3 есе артқан. Автобус жолағының ұзындығы 122 шақырымға жетіп, нәтижесінде 22 көшеде интервал артты. Ал, жеңіл рельсті қоғамдық көлік бойынша байқаудың бірінші кезеңі аяқталды.
Айта кетейік, қалада сондай-ақ метроның екі жаңа стансасы салынып жатыр. Интервалды азайту үшін 8 жаңа құрам сатып алынбақ.